| (AIX)    KZT 18835   %   0.88 USD 37.3   %   -2.38

Қазатомөнеркәсіпте қызметкерлерді басқару процестері автоматтандырылды

1 қараша 2017
Қазатомөнеркәсіпте қызметкерлерді басқару процестері автоматтандырылды

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-да ERP жүйесінің алғашқы «Қызметкерлерді басқару» (ERP Human Capital Management) үлгісі іске қосылды. Адам ресурстарын басқару процестерін автоматтандыру компания қызметкерлері туралы деректерді барынша шұғыл және сапалы жүргізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Қызметкерлерді басқару» – Трансформация бағдарламасы аясындағы маңызды сатылардың бірі саналатын SAP ERP жобасы аясындағы тұңғыш үлгі. Адам ресурстары – кез келген компанияның қызметіндегі стратегиялық маңызды бағыт. Соған байланысты кадрлық басқарудың барлық процестері Қазатомөнеркәсіптегі ERP жүйесінің алғашқы нысанына айналды», - деді Қазатомөнеркәсіптің Экономика және қаржы жөніндегі бас директоры Мейіржан Юсупов.

«Қызметкерлерді басқару» үлгісі ұйымдастыру менеджменті, қызметкерлерді басқару, уақытша деректер мен есептерді басқару сияқты құрамдас бөліктерден тұрады. Қызметкерлерді басқарудың барлық негізгі процестері (жұмысқа қабылдау, орын алмастыру, т.т.) автоматты түрде болатындықтан кадрлық бұйрықтар мен есептерді әзірлеуге кететін еңбек шығындарын едәуір қысқартады.

«Біз ағымдағы процестерді автоматтандырып қана қоймай, одан әрі талдау жасау үшін мол мүмкіндіктер ашатын өнімге қол жеткіздік. HR мамандарының қыруар уақытын алатын бірқатар техникалық мәселелер, мысалы, шарт толтыру, бұйрық және тағы басқаларды әзірлеуді енді жүйе атқарады. Бұдан бөлек, ол – өзекті деректердің орталықтандырылған қоймасы, оған компанияның кез келген нүктесінен қол жеткізуге мүмкіндік бар», - деп атап көрсетті Адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Ләззат Қожахметова.

Жаңа үлгіні іске қосу барысында қызметкерді жұмысқа қабылдаудың автоматтандырылған процесі көрсетілді. Бір рет толтырылатын құжатта жаңа қызметкер, оның бұрынғы қызметтері, мекен жайы, қаржылық құжаттары және басқалар туралы толық ақпарат қамтылған. Осылайша жүйе өздігінен мәселен, HR маманына сынақ мерзімінің немесе еңбек шартының мерзімі біткенін еске салып тұрады, жұмыс уақытының табелін жасайды, демалыс жылының басталуын, демалысқа шығу құқын анықтайды. Сонан соң ақпарат демалыс төлемдерін есептеу үшін автоматты түрде бухгалтерияға жіберіледі.

ERP жүйесінің «Қызметкерлерді басқару» үлгісі компанияның еншілес кәсіпорны «Қазатомөнеркәсіп-SaUran» ЖШС-да қолдануға дайын тұр. Алдағы уақытта адам ресурстарын басқару және кадрлық басқару процестерін автоматтандыру Қазатомөнеркәсіптің басқа да кәсіпорындарында кеңінен қолданылатын болады.

Пікір қалдыру