| (AIX)    USD 40.49   %   1.56 KZT 18305   %   0.6

Нұрлан Жамбылұлы Қаппаровтың жарқын бейнесін еске алу

30 наурыз 2015
Нұрлан Жамбылұлы Қаппаровтың жарқын бейнесін еске алу

Құрметті әріптестер!

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның басқарма төрағасы Нұрлан Қаппаров тірі болғанда бүгін 45 жасқа толатын еді. Нұрлан Жамбылұлы өзінің осынау бейнелі мерейжасына төрт күн қалғанда – 26 наурызда, өткен бейсенбі күні үкімет делегациясы құрамында ҚХР-на жасаған сапары кезінде аяқ астынан болған жүрек талмасынан қаза тапты.

Республикадағы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің бірі, жаңа тұрпаттағы жас басқарушылардың жарқын өкілі және қарапайым әрі керемет жан өмірден өтті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің көңіл айтқан жеделхатында Қазатомөнеркәсіп басшысының елімізге сіңірген қызметіне жоғары бағасын берді.

«Нұрлан Қаппаров тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында жастар арасынан дараланып шығып, кәсіпкер ретінде танылған еді. Содан әр жылдары «Қазақойл» ұлттық мұнай газ компаниясын, Қоршаған орта және су ресурстары министрлігін басқарды. «Қазатомөнеркәсіп» АҚ басқарма төрағасы болды. Өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқара білді. Мол білімі мен тәжірибесін еліміздің өсіп-өркендеуіне жұмсады. Амал қанша, халқына бергенінен берері көп еді. Енді халқы оның есімі мен еңбегін ешқашан ұмытпайды деп ойлаймын», - делінген жеделхатта.

Кешегі сенбіде, 28 наурыз күні Алматыда туыстары, достары, жақындары мен әріптестері Нұрлан Жамбылұлын ақтық сапарға шығарып салды. Жерлеу рәсімі ҚР үкіметі мен парламенті мүшелерінің, облыс әкімдерінің, бизнесмендер мен қоғамдық жұртшылық өкілдерінің қатысуымен Ғалымдар үйінде өтті. Марқұм Кеңсай зиратына жерленді.

Қаралы жиында сөз алған ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев премьер-министр Кәрім Мәсімов, үкімет мүшелері және жеке өз атынан жиналғандарға қайғырып көңіл айтты: «Бүгін маған сөйлеу ғана емес, осында тұрудың өзі қиын. Соңғы екі күнде мен мемлекет басшысымен бірге жұмыс сапарында болдым. Елбасы бұл хабарды естіп, қатты қапаланды. Көңіл күйі де құлап, Нұрлан Қаппаровты, оның талантын еске алумен болды. Нұрсұлтан Әбішұлы оның болашағынан үлкен үміт күттірген маман болғанын айтты».

«...Осы таяуда өзімнің ойланбай жасаған әрекетім үшін Нұрланның рухы алдында кешірім сұраймын. Нұрлан экология министрлігінен кетіп, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ басқарып жүрсе де, «Экспо-2017» директорлар кеңесінің төрағасы болатын. Ол елбасының қабылдауына дайындалып жүрді. Өйткені қазақ ұлттық павильонының құрылымына жауапты еді. Біз премьер-министрдің алдында арнайы роликті тамашаладық. Оның сөзінен кейін менде бір ескертпе бар екендігін айттым. Нұрлан осыған байланысты жобасын қайта өңдеймін дегенше 10 күн уақыты кетті. Қазір сол айтқан ескертпем үшін қатты өкінемін. Егер айтпағанымда ол өз идеясымен және дайындаған ролигімен елбасының қабылдауында болар еді. Мүмкін, жобасы мақұлданып, біз Нұрланның жасаған еңбегін көрер ме едік. Мен бұл роликтің елбасының қарауында болатындығы жөнінде Нұрланның рухы алдында уәде етемін. Өйткені, ол өзінің осы жобасына бар ынтасымен кіріскен болатын», - деді Бақытжан Сағынтаев.

ҚР энергетика министрі Владимир Школьник: «Біз бүгін өте жарқын, таза адаммен қоштасып тұрмыз. Ол сүйе де, достаса да білетін өте тамаша жан еді, достыққа адал болатын... Марқұмды білетіндер мұны жақсы түсінеріне сенемін. Мен Нұрлан бастаған істі соңына жеткізу үшін бар күшімізді салуға уәде беремін».

Өмірдерек:

Нұрлан Қаппаров 1970 жылы 30 наурызда Алматы қаласында дүниеге келді, О.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математика орта мектебінің түлегі. Алматы технологиялық институтын бітірген, Гарвард университетінің Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебінде мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алған.

Нұрлан Қаппаров тоқсаныншы жылдары «Акцепт» корпорациясын құрды және оған басшылық жасады. 1997-1999 жылдары «КазТрансОйл» ұлттық мұнай тасымалдау компаниясын және «Казахойл» ұлттық мұнай-газ компаниясын басқарды. 1999 жылдан 2001 жылға дейін Нұрлан Қаппаров Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі болды. Одан кейінгі жылдары ол «Lancaster Group Kazakhstan» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болды. 2012 жылы Нұрлан Қаппаров Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрі болып тағайындалды. 2014 жылғы тамыздан «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқармасының төрағасы және Директорлар кеңесінің мүшесі болды.

Ел алдындағы айтарлықтай еңбегі үшін Нұрлан Қаппаров көптеген үкімет наградаларымен, медальдармен және Мемлекет басшысының, Қазақстан Премьер-Министрінің грамоталарымен марапатталды. «Құрмет» орденін алды.

Нұрлан Қаппаров 2005 жылы дарынды балаларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға және ауылдық жерде тұратын аз қамтылған отбасыларынан шыққан балаларға әлеуметтік қайырымдылық көмек және қолдау көрсететін «Жамбыл» қоғамдық қайырымдылық қорын құрды.

Нұрлан Жамбылұлы жеке меншік және мемлекеттік активтерді басқаруда үлкен тәжірибе жинаған, көптеген жобаларды іске асырған өз ісінің нағыз шебері, білікті басшы, білгір кәсіпкер еді.

Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі болған кезінде атқарған ауқымды жұмысы Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамасын іске асыру болды. Онда экология, қоршаған ортаны қорғау, ресурстар мен энергия үнемдеу мәселелеріне айрықша назар аударылды.

Нұрлан Жамбылұлы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-қа келісімен компанияның алдына толық ядролық отын циклын құру міндетін қойып, республиканың атом өнеркәсібін дамыту ісіне тың серпін берді.

Нұрлан Жамбылұлы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ұжымының есінде талантты да білікті басшы, әріптестерінің арман-мүдделеріне сергек қарайтын жайсаң азамат, жақсы адам ретінде қалады. Ол өз ісіне шын берілген, Қазақстан Республикасына адал қызмет еткен нағыз азамат еді.

Нұрлан Жамбылұлы Қаппаровтың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады!

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ұжымы

Пікір қалдыру