| (AIX)    KZT 18760   %   0.78 USD 40.17   %   -0.25

Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындары қызметкерлерінің қатары МИФИ түлектерімен толықты

2 маусым 2017
Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындары қызметкерлерінің қатары МИФИ түлектерімен толықты

Ұлттық атом компаниясының басшысы Асқар Жұмағалиев атом саласы үшін білікті мамандар даярлайтын ресейлік жетекші оқу орны – Мәскеу инженерлік-физикалық институын (МИФИ) бітірген түлектермен кездесті. Студенттердің барлығы Қазатомөнеркәсіптің грантымен бейінді мамандықтар бойынша оқу бітірген.

Таңшолпан Ахмадиева МИФИ-де «Ядролық реакторлар және материалдар» мамандығы бойынша білім алып, Курчатов қаласындағы Радиациялық қауіпсіздік және экология институтында тәжірибеден өтті. Ол «Инкай» БК» ЖШС-нан радиациялық қауіпсіздік жөніндегі инженер лауазымына шақыру алды.

– Қазақстанда толық ядролық отын циклын құруға барлық алғышарттар жеткілікті. Өз білімімді іс жүзінде көрсетуге мүмкіндік берген «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына алғысым шексіз, - дейді Таңшолпан.

МИФИ-дің Автоматика кафедрасының түлегі Бексұлтан Сағындық та Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындарының бірінде жұмыс бастауға дайын. Оның мамандығы – электрофизикалық қондырғыларды автоматтандыру – компания кәсіпорындарындағы өзекті бағыттардың бірі. Автоматтандыру жобалары «Индустрия 4.0» элементтерін атом өнеркәсібіне енгізудің негізі болмақ.

– Диплом жұмысымда технологиялық процестерді басқару жүйелерін  автоматтандырудағы есептеулер үшін алгоритмдер әзірлеумен шұғылдандым. Бүгінде ол өндірісті сапалық жаңа деңгейге шығара алатын өте маңызды бағыт. Үлбі металлургиялық зауытында сонымен айналысатын боламын, - деп жоспарларымен бөлісті Бексұлтан.

Кездесуде Қазатомөнеркәсіп басшысы Асқар Жұмағалиев түлектерді университетті сәтті бітірулерімен құттықтап, жас мамандар компанияның және тұтас уран өнеркәсібінің дамуына жаңаша серпін беретініне сенім білдірді.

– Сіздер сапалы білім алып, шығармашылық қабілеттеріңізді шыңдадыңыздар – бұл үлкен табыстарға жеткізетін зор әлеует. Ядролық өнеркәсіп саласындағы озық технологиялар мен жаңалықтарды білулеріңіз Қазатомөнеркәсіп және оның кәсіпорындарының қызметіне үлес қосары анық. Еңбек жолдарыңызға сәтті старт тілеймін, - деді Асқар Жұмағалиев жас мамандарға қарата.

Кездесуге қатысқан 12 инженер-физиктің барлығы компанияның орталық аппараты мен еншілес кәсіпорындарына жұмысқа орналасты.

Мамандар даярлау мақсатында Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындары Қазақстанның және жақын шет елдердің 25 ЖОО-мен, сондай-ақ 11 колледжімен ынтымақтастық орнатқан. Бүгінде компания қаржысы есебінен 320 студент (293-і ЖОО-да, 27-сі колледжде) сала және өңір үшін бейінді болған мамандықтар мен кәсіптер бойынша білім алып жатыр. Компания студенттердің оқуын, жатақханада тұруын, сақтандыруын және шәкіртақысын төлейді. Студенттер өндірісте тәжірибеден өткенде, олардың әрқайсына кәсіпорынның тәжірибелі қызметкерлерінен тәлімгер бекітіледі.

Пікір қалдыру