30 сәуірде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ (бұдан әрі – «Қазатомөнеркәсіп» немесе «Компания») 2021 жылғы біріктірілген жылдық есепті жариялады, онда Компанияның есепті кезеңдегі қызметінің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық нәтижелері туралы ақпарат ашылған. Есеп Компанияның ресми интернет-ресурсында танысу үшін қолжетімді.
Тұрақты даму мәселелері Компанияның тұрақты назарында тұр. Қазатомөнеркәсіп тұрақты даму саласындағы қызметтің басым бағыттарын айқындау кезінде БҰҰ-ның Жаһандық шартының қағидаттарын және 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған БҰҰ-ның Тұрақты даму саласындағы мақсаттарын, сондай-ақ тұрақты даму саласындағы басқа да халықаралық стандарттар мен бастамалардың ережелерін басшылыққа алады.
«Тұрақты даму – Қазатомөнеркәсіптің Даму стратегиясының іргелі құрамдас бөлігі, ал ESG-мен байланысты мақсаттарға қол жеткізу және міндеттерді орындау – біздің жоспарларымыздың ажырамас бөлігі. Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау, барлық өндірістік объектілерде өнеркәсіптік, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері біздің қызметіміздің негізгі басымдықтары болып қала береді. Біз барынша қауіпсіз өндірісті қамтамасыз ету және кәсіпорындарымыздың қоршаған ортаға әсерін азайтуда тұрақты өсуді көздейміз. Бұл ретте Компания жергілікті халықтың өмір сүру деңгейін арттыру үшін өзі қатысатын өңірлердің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін барынша арттыруға ұмтылады», - деп атап өтті Қазатомөнеркәсіптің Басқарма төрағасы Мәжит Шәріпов.
Осы саладағы үздік халықаралық тәжірибелерді қолдана отырып, Компания табиғатты қорғау қызметіне қомақты көлемде қаражат инвестициялайды және кәсіпорындар орналасқан жерлерде табиғи ортаны сақтау бойынша, сондай-ақ экологиялық тепе-теңдікті сақтау және қоршаған ортаға әсерді барынша азайту үшін табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайды.
Қазатомөнеркәсіпте халықаралық стандарттарға сәйкес келетін денсаулық менеджменті мен өндірістегі қауіпсіздік жүйелері енгізілген. Өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қызметкерлер арасында қауіпсіз жүріп-тұру мәдениетін дамытуға бағытталған күш-жігердің нәтижесінде Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындарында өнеркәсіптік апаттарға жол берілген жоқ.
Компания қатысатын өңірлерде әлеуметтік даму және жергілікті халықтың өмір сүру деңгейін арттыру да маңызды. 2021 жылы Қазатомөнеркәсіп жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша міндеттемелерді орындау шеңберінде өзі қатысатын өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына 1,609 млрд теңге аударды. Сондай-ақ, Компания жедел жәрдем станциясының құрылысы, елді мекендерді абаттандыру, Түркістан және Қызылорда облыстарының жеті елді мекенінде балаларға арналған заманауи ойын және спорт алаңдарын салу, халықтың әлеуметтік осал топтарына қаржылық көмек көрсету сияқты бірқатар әлеуметтік жобаларды іске асырды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазатомөнеркәсіп әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға 850,9 млн теңге мөлшерінде қаражат бөлді.
Әлеуметтік жауапты компания ретінде Қазатомөнеркәсіп жергілікті қоғамдастықтармен ұзақ мерзімді жемісті қатынастарды қолдауға бағытталған іс-шараларды алдағы уақытта да дәйекті түрде жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Қосымша ақпарат алу үшін хабарласуға болады:
Инвесторлармен өзара іс-қимылға байланысты мәселелер бойынша
Кори Кос (Cory Kos), IR департаментінің халықаралық кеңесшісі
Ботагөз Молдағалиева, IR департаментінің директоры
Тел: +7 7172 45 81 80
Email: ir@kazatomprom.kz
Қоғаммен байланыс және БАҚ сұраулары бойынша
Ғажайып Күмісбек, GR және PR департаментінің бас сарапшысы
Тел: +7 7172 45 80 63
Email: pr@kazatomprom.kz
Қазатомөнеркәсіптегі ESG
2021 жылы Компанияның мажоритарлық акционері – «Самұрық-Қазына» АҚ компанияға корпоративтік басқару рейтингін беру мақсатында корпоративтік басқару диагностикасын жүргізу үшін тәуелсіз консультантты тартты. Диагностика қорытындысы бойынша Қазатомөнеркәсіп корпоративтік басқарудың жоғары деңгейін көрсетіп, Компанияға «А» корпоративтік басқару рейтингі берілді (2020 жылы «BBB» болған еді).
Қазатомөнеркәсіп туралы
Қазатомөнеркәсіп – 2021 жылы әлемдік бастапқы уран өндірудің жиынтық көлемінен шамамен 24% - ы мөлшерінде компанияның қатысу үлесіне барабар табиғи уран өндіретін әлемдегі ең ірі уран өндіруші. Топтың саладағы ең ірі резервтік уран базасы бар. Қазатомөнеркәсіп еншілес, тәуелді және бірлескен ұйымдармен бірге 14 уран өндіруші кәсіпорынға біріктірілген 26 кен орнын игеруде. Барлық уран өндіруші кәсіпорындар Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және уран өндіру кезінде денсаулық сақтауды, өнеркәсіптік қауіпсіздікті және қоршаған ортаны қорғауды бақылаудың озық практикалары мен құралдарына (ISO 45001 және ISO 14001 сертификатталған) ерекше назар аудара отырып, жерасты ұңғымалық шаймалау технологиясын қолданады.
Қазатомөнеркәсіптің бағалы қағаздары Лондон қор биржасында, «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында және Қазақстан қор биржасында орналастырылған. Қазатомөнеркәсіп Қазақстан Республикасының Ұлттық атом компаниясы саналады және Топтың негізгі клиенттері – атом өндіруші қуат операторлары, ал өнімдер үшін негізгі экспорттық нарық – Қытай, Оңтүстік және Шығыс Азия, Солтүстік Америка және Еуропа. Топ уран мен уран өнімдерін ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді келісімшарттар бойынша, сондай-ақ спот нарығында тікелей Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан бас кеңсе немесе Швейцариядағы Trading House KazakAtom (THK) еншілес кәсіпорны арқылы сатады
Толық ақпарат біздің сайтымызда: http://www.kazatomprom.kz.