| (AIX)    USD 40   %0      KZT 18175   %0     

Баспасөз баяны «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлерін қолдайды

3 шiлде 2015
Баспасөз баяны «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлерін қолдайды

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі отандық тауар өндірушілерді қолдауға келісті. Ұлттық атом компаниясы басшысының өңірге жасаған жұмыс сапары барысында тиісті келісімге қол жеткізілді.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев пен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов компания мен әкімдік арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қосымша ретіндегі жергілікті үлесті дамыту мәселелері жөніндегі келісімге қол қойды. Аталмыш құжат аясында уран өндіруші кәсіпорындар өңірдегі отандық тауар өндірушілермен жалпы сомасы 4,6 млрд теңгені құрайтын келісімдер жасауға ниетті. 2015-2016 жылдары ұлттық атом компаниясы жергілікті кәсіпкерлерден электротехникалық жабдықтар (трансформаторлар), жанар-жағармайлар, арнайы киімдер, құбырлар, қағаз бұйымдар, т.т. сатып алатын болады.

Келісімді іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына мультипликативтік нәтиже бермек – жергілікті қамтудың үлесі өседі, жұмыс орындары сақталады, өнімдердің бәсекеге қабілеттілігі артады және т.б.

Кездесуде Асқар Жұмағалиев пен Асқар Мырзахметов сондай-ақ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның осы өңірде уран өндіретін еншілес компанияларының кеңселерін Алматыдан Шымкентке қоныс аудару мәселелерін де талқылады. Атом компаниясы басшысының пікірінше, еншілес кәсіпорындардың Оңтүстік Қазақстан облысына көшуі аймақтың дамуына жаңаша серпін беріп, компанияның тиімділігін арттырады және жаңа жұмыс орындарын ашады.

Сапар аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы А.Жұмағалиев компанияның еншілес кәсіпорындары жұмысымен танысып, «Сауда-көлік компаниясы» ЖШС, «Катко» БК» ЖШС, «Степное КБ» ЖШС, «Орталық» ӨК» ЖШС, «Инкай» БК» ЖШС, «Қаратау» ЖШС, «Ақбастау» БК» АҚ және «Заречное» БК» АҚ-ның кеніштері мен өндірістік нысандарын аралайтын болады.

Сонымен қатар, Асқар Жұмағалиевтың «Жоғары технологиялар институты» ЖШС-нің «ЖТИ-Зерде» филиалында болып, уран өндіретін мобильдік кешен жұмысымен танысуы жоспарланған. Филиал базасында кең ауқымдағы қолданбалы және ғылыми мәселелерді шешуге және Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындарының қажетін өтеуге қабілетті кешенді талдау зертханасы құрылуда. Ұлттық атом компаниясының ғалымдары мен мамандары әзірлеген мобильдік кешен уран кен орнын игеру кезінде қажетті күрделі қаржы көлемін едәуір азайтуға, ал уран өндіру тиімділігін екі есеге арттыруға мүмкіндік береді.

Ұлттық атом компаниясының басшысы сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысының Таукент және Қыземшек кенттеріндегі «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС-не қарасты әлеуметтік нысандарды аралауды жоспарлаған.

Пікір қалдыру