| (AIX)    KZT 18150   %   -0.25 USD 40.57   %   1.76

Қазатомөнеркәсіп уран кеніштерін онлайн тәртіпте бақылайтын болады

17 ақпан 2016
 Қазатомөнеркәсіп уран кеніштерін онлайн тәртіпте бақылайтын болады

16 ақпан күнгі көшпелі сессия барысында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевке трансформациялау бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан Жағдаяттық орталықтың пилоттық жобасын таныстырды.

Жағдаяттық орталық ұлттық атом компаниясы, соның ішінде компанияға қарасты барлық кәсіпорындар қызметінің маңызды өндірістік-қаржылық көрсеткіштеріне мониторинг жасайтын, талдайтын және көрнекі ететін ақпараттық жүйеден тұрады.

«Бүгін біз бұл құралды пилоттық тәртіпте іске қостық және аппараттық отырыстарда пайдалана бастадық. Жүйеде бүкіл атом компаниясы бойынша да, жеке кәсіпорындар бойынша да 500-ден астам түрлі көрсеткіштер бар. Бұл көрсеткіштердің ағымдағы сәтіне ғана емес, динамикасына да мониторинг жасалады. Егер әлдекім жоспарды орындамаса немесе мәселен, химиялық реагенттерді пайдалану көлемін асырып жіберсе, оның барлығы графикаларда бірден байқалып тұрады. Бұл біз үшін шешімдер қабылдауға өзінше бір белгі де сияқты», - деді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев.

Жоба компания басшылығына деректерді шұғыл талдап, басқарудың дер кезіндегі әрі тиімді шешімдерін қабылдау үшін оқиғаның түрлі өрбу нұсқаларын болжауға және модельдеуге мүмкіндік береді.

Айта кетерлік жәйт, Жағдаяттық орталыққа енгізілетін негізгі көрсеткіштер арасында рентабельділік, EVA, таза табыс, өндіру көлемі, жөнелту, химреагенттерді пайдалану, еңбек өнімділігі т.б. бар.

А. Жұмағалиев сондай-ақ, Жағдаяттық орталықты енгізу еншілес кәсіпорындар әзірлейтін есептер санын 3 есеге қысқартуға мүмкіндік беретінін қадап айтты.

Үстіміздегі жыл соңына дейін Жағдаяттық орталықты өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланған.

Жағдаяттық орталық үшін негізгі ақпараттық көздердің бірі «Санды кеніш» жүйесі болмақ, ол – уран өндіру үдерісінде адамдық факторды болдырмауды қамтамасыз ететін трансформациялаудың тағы бір жобасы. «Ақылды» кеніш аспаптар мен жабдықтардағы тетіктерден нақты уақытта ақпараттар жинауға және оларды талдауға, уран өндірісі кезінде пайдаланылатын химиялық реагенттер көлемін қашықтықтан бақылауға және реттеуге мүмкіндік береді. «Санды кеніш» жүйесі жыл соңына дейін «ТТХК» ЖШС-де енгізілетін болады.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Қазатомөнеркәсіп сондай-ақ, Қазақстанда жаңартылатын энергетиканы дамыту бағдарламасының белсенді қатысушысы. Бүгінгі таңда компанияда 27 000-нан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.

www.kazatomprom.kz

Пікір қалдыру