| (AIX)    USD 39.74   %   1.3 KZT 18100   %   -0.06

Баспасөз баяны Қазатомөнеркәсіп VII Халықаралық «АТОМЭКСПО-2015» форумына қатысты

17 маусым 2015
Баспасөз баяны Қазатомөнеркәсіп VII Халықаралық «АТОМЭКСПО-2015» форумына қатысты

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы 2015 жылғы 1-3 маусым күндері Мәскеудегі «Гостиный двор» көрме кешенінде өткен VII Халықаралық «АТОМЭКСПО-2015» форумының жұмысына қатысты.

Үш күнге созылған Атомэкспо-2015 бағдарламасы атом өнеркәсібі саласындағы халықаралық, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, ресейлік және шетелдік компаниялардың, сондай-ақ жетекші сарапшылар мен талдаушылардың қатысуымен өтетін мамандандырылған көрме мен конгресті қамтыған. Биылғы форумның тақырыбы: «Атом энергетикасы – әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін». Қазақстандық делегацияны «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сергей Яшин бастап барды.

Қазатомөнеркәсіп аталмыш көрме кешені аумағында ұлттық компания қызметінің негізгі бағыттарына: уран өндірісі, атом реакторларына арналған отын таблеткалары өндірісі, Қазақстанда балама қуат көздерін және ядролық энергетиканы дамытудың болашағына арналған экспозициялық стендін орналастырды.

«Атом энергетикасын дамытудың қазіргі кезеңіндегі ЯОЦ рөлі» тақырыбындағы дөңгелек үстел аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары шетелдік серіктестермен бірлескен жобаларды іске асырудағы компания тәжірибесі туралы әңгімеледі. Бір айта кетерлігі, қазақстандық уран концентраты атом электр стансаларына ие әлемнің дерліктей барлық еліне жеткізіледі. Соның өзінде, сарапшылардың пікірінше, уранды тұтынудың шырқау шегі 10-15 жылдан кейін басталмақ.

Қазатомөнеркәсіп басшысының орынбасары атап көрсеткендей, АЭС-н қауіпсіз пайдаланудың шешуші факторларының бірі ядролық отынды жеткізіп берудің кепілдігі болса, ол өз кезегінде ЯОЦ өндірісін шикізатпен қамтамасыз етудің кепілдігін туындатады.

– Қазақстан бүгінде табиғи уран өндірісі жөнінен әлемдік көшбасшы саналады. Республика ядролық отын компоненттерін әзірлеудегі өз құзыреттерін сақтап және дамыта отырып, атом реакторын декомиссиялау тәжірибесіне ие болды, - деді Сергей Яшин. – Қазатомөнеркәсіп ұлттық компания ретінде реакторға дейінгі ядролық отын циклының барлық сатыларына енуді өз алдына мақсат етіп қойғандықтан, атом энергетикасын дамытушы елдермен және компаниялармен де, сондай-ақ ЯОЦ-дағы көшбасшы компаниялармен және елдермен де тығыз кооперациялық байланыстар орнату бағытын ұстанған.

– Шетелдермен ынтымақтастық «қазақстандық ресурстарды  ЯОЦ-ның шетелдік озық технологияларына айырбастау» формуласы бойынша интеграцияға басымдық берумен жүргізілді, - толықтырды ол.

Мысалы, француздың AREVA компаниясымен арадағы кооперация Қазатомөнеркәсіптің қытай нарығына отын таблеткаларын сертификатталған жеткізіп беруші болуына мүмкіндік әперді. Сондай-ақ, қытай атом стансалары үшін жылу бөлгіш құрамалар әзірлейтін зауытты Қазақстанда салу туралы China General Nuclear Power Corporation» (CGNPC) компаниясымен түбегейлі келісім бар.

Өз сөзін түйіндей келе Сергей Яшин «Росатом» мемлекеттік корпорациясымен бірлескен жұмыс аясында табысты жұмыс істеп тұрған бірқатар жобалар қатарында уранды изотопты байытатын қазақстан-ресей бірлескен кәсіпорнын атады.

Форум жұмысы барысында қазақстандық делегация шетелдік компанияларлың өкілдерімен көптеген іскерлік кездесулер өткізіп, ынтымақтастық келелі мәселелері мен келешегін талқылады. Биылғы атом форумы әлемнің 47 елінен келген 2000-нан астам делегаттың басын қосты.

Пікір қалдыру