| (AIX)    USD 39.65   %0      KZT 18000   %0     

Қазатомөнеркәсіп 2015 жылы EVA көрсеткішін 15,4 млрд теңгеге жақсартты

17 ақпан 2016
Қазатомөнеркәсіп 2015 жылы EVA көрсеткішін  15,4 млрд теңгеге жақсартты

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басшылығы «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевке компанияны трансформациялаудың 2016 жылға арналған Жол картасын таныстырды.

Ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев Қазатомөнеркәсіптің бизнесті трансформациялау бағдарламасын жүзеге асыру аясында жүргізіп отырған жұмыстары жөнінде әңгімелеп, алғашқы нәтижелер мен 2016 жылдағы көрсеткіштер картасын таныстырды.

2015 жылы қабылданған шаралар қорытындысы бойынша Қазатомөнеркәсіптің экономикалық қосымша құны (EVA) 15,4 млрд теңгеге өсті.

Өндіріс тиімділігін арттыру, технологиялық үдерістерді оңтайландыру және қуат үнемдеу бойынша қабылданған кешенді іс-шаралар нәтижесінде Компания өндірістің өзіндік құнын 16,4 млрд теңгеге қысқарта білді.

2015 жыл қорытындысы бойынша 23800 тонна уран өндірген Қазақстан ірі табиғи уран өндіруші ретіндегі әлемдегі көшбасшылық орнын сақтап қалды. Сондай-ақ еліміз АҚШ пен Франция нарығындағы ірі уран жеткізіп берушіге айналды.

«Қазатомөнеркәсіп алдында еліміздің атом өнеркәсібін дамыту бойынша үлкен мақсаттар тұр. Жұмыс басталып, компанияны оңтайландыру, кәсіпорындардың бас кеңселерін өндіріске жақын көшіру бойынша нақты шаралар қабылданған. Мұның бәрі үнемдеумен қатар, жақсы басқару тиімділігін береді, бизнес өндірістік нақтылықтан қол үзбей жұмыс істеуі тиіс – трансформациялау аясында қол жеткізетініміз де осы», - деп атап көрсетті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев.

Компания қызметінің басқа да маңызды нәтижелерінің қатарында жылу бөлгіш құрамалар (ЖБҚ) шығаратын зауытты жобалау және салу туралы қытайлық CGNPC компаниясымен желтоқсанда қол қойылған келісімді, еншілес 10 кәсіпорын кеңселерінің уран өндіруші аймақтарға қоныс аударуын, сондай-ақ еншілес кәсіпорындар санының 82-ден 72-ге кемігенін айтуға болады.

         Компанияда сондай-ақ, инвестициялық қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа инвестициялық саясат әзірленіп, қызметкерлерді конкурстық іріктеу мен ПҚК бойынша тиімділікті бағалау жүйесі енгізілді.

Үстіміздегі жылы Қазатомөнеркәсіп корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру, операциялық модельдер мен бизнес-үдерістерді жақсарту, тиімділікті арттыру және өндірісті әртараптандыру жұмыстарын жалғастыратын болады.

Қазатомөнеркәсіптің негізгі қызметін дамытуға, уран өнімдерін өткізу нарығын кеңейтуге және өндірісті әртараптандыруға айрықша назар аударылмақ. Компания қалған екі еншілес кәсіпорынды да уран өндірілетін өңірге көшіруді, споттық нарықта өнім саудасымен шұғылданатын  трейдинг компаниясын құруды, Қытай, АҚШ және Ресейдегі Қазатомөнеркәсіп өкілдіктерін таратуды, сондай-ақ бейінді емес 18 кәсіпорынды Холдинг құрамынан шығарып, «ҮМЗ» АҚ базасында ЖБҚ шығаратын зауыт құрылысының техника-экономикалық негіздемесін әзірлеуді аяқтауды көздеп отыр.

Сонымен қатар трансформациялау бағдарламасын іске асыру шеңберінде Қазатомөнеркәсіп үдерісті орталықтандыру және оның ашықтығын қамтамасыз ету жолымен қаржы үнемдеуге мүмкіндік беретін сатып алулардың жаңа үлгісін іске қосу, уәждеу және қызметкерлердің жұмысқа қабілеттерін арттыру мақсатында олардың еңбек тиімділігін бағалау мен грейдтеуге негізделген еңбекке ақы төлеу жүйесін енгізуді жоспарлаған.

Кәсіпорындардың басқарылуын арттыру және өндірістік үдерістерді автоматтандыру үшін «Жағдаяттық орталық» және «Санды кеніш» ақпараттық жүйелері пайдалануға берілмек. Аталмыш жобалар Холдинг қызметінің маңызды өндірістік-қаржы көрсеткіштеріне мониторинг жасау, талдау және көрнекі етуге бағытталған.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ үстіміздегі жылдың 8-15 ақпаны аралығында Ө. Шөкеев аралаған Қор қоржынындағы алтыншы компания болды. Көшпелі сессия соңында ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы А. Жұмағалиевке 2016 жылы Қазатомөнеркәсіпті трансформациялау бойынша міндеттерді іске асыру көлемі мен мерзімдері көрсетілген Трансформацияға жеке қатысу жоспары тапсырылды.

 

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Қазатомөнеркәсіп сондай-ақ, Қазақстанда жаңартылатын энергетиканы дамыту бағдарламасының белсенді қатысушысы. Бүгінгі таңда компанияда 27 000-нан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.

www.kazatomprom.kz

Пікір қалдыру