| (AIX)    KZT 21100   %   0 USD 41.96   %   4.9

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның 2021 жылғы 4-тоқсандағы қызметінің операциялық нәтижелері

27 қаңтар 2022
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның 2021 жылғы 4-тоқсандағы қызметінің операциялық нәтижелері

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ (бұдан әрі - Қазатомөнеркәсіп, ҚАӨ немесе Компания) 2021 жылғы 31 желтоқсанда аяқталған төртінші тоқсан мен жыл бойындағы қызметінің операциялық нәтижелерін жариялайды.

Бұл жарияланым уран саласындағы соңғы оқиғалардың жиынтығын, сондай-ақ Компанияның төртінші тоқсан мен 2021 жылғы операциялық қызметінің негізгі нәтижелеріне және 2022 жылға арналған қаржылық емес болжамдарына қатысты алдын ала ақпаратты білдіреді. Қызметтің осы операциялық нәтижелеріндегі ақпарат түпкілікті емес, өзгертілуі мүмкін.

Нарыққа шолу

Біріккен Ұлттар Ұйымының 2021 жылғы климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы (COP26) 2021 жылдың қараша айында Глазго қаласында (Шотландия, Ұлыбритания) Глазго Климаттық пактісі деп аталатын келісіммен аяқталды. Келісімде парниктік газдардың жаһандық шығарындыларын азайту, оның ішінде көміртегі қос тотығының жаһандық шығарындыларын 2010 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2030 жылға қарай 45%-ға азайту, ғасырдың ортасына қарай нөлдік нетто-шығарындыларға қол жеткізу бойынша елеулі, жылдам және тұрақты шаралар қабылдау қажеттілігі танылады. COP26 қорытындындылайтын осы негізгі құжат мемлекеттерді технологияларды әзірлеуді, орналастыруды, сондай-ақ экологиялық таза энергия өндірісін жылдам кеңейтуді және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды күшейтуді қоса алғанда, шығарындылары төмен энергетикалық жүйелерге көшуге ықпал ететін саясаттарды қабылдауды жеделдетуді баулайды.

Тағы бір маңызды оқиға, 2021 жылдың 4-тоқсанында, Еуропалық комиссия жасыл қаржыландыру таксономиясын әзірлеуді аяқтап, Тұрақты қаржыландыру платформасымен және мүше елдердің тұрақты қаржыландыру жөніндегі сарапшылар тобымен газ және ядролық энергетиканың белгілі бір қызмет түрлерін қамтитын таксономия туралы Қаулыға сәйкес берілген барлық актілер бойынша консультациялардың ресми раундтарын бастады. Комиссия осы топтардың үлесін талдайды және 2022 жылдың қаңтарында ресми түрде қосымша құжат қабылдайды деп күтілуде. Содан кейін  құжат алты айдан аспайтын мерзімге Еуропалық парламент пен Еуропалық Кеңес қаралуына жіберіледі. Таксономияның ағымдағы жобасындағы «жасыл мәмілеге» атом энергетикасын қосу жөніндегі талаптар мен параметрлер «ең озық қолжетімді технологияларды» пайдалануды, күшейтілген қауіпсіздік шараларын қолдануды және сыртқы факторлардан қорғауды, сондай-ақ қатты қалдықтармен жұмыс істеуге және реакторларды пайдаланудан шығаруға байланысты мәселелерді қамтиды. Ядролық энергетикаға инвестицияларды экогологиялық тұрғыдан қауіпсіз деп саналуы, атом электр станциялар паркінің ұлғаюына және Еуропадағы жұмыс істеп тұрған АЭС-тің қызмет ету мерзімінің ұзартылуына ықпалын тигізеді.

Төртінші тоқсанда сұраныс жағынан бірқатар маңызды оқиғалар болды:

  • Әлемдегі алғаш кіші модулді реактордың төртінші ұрпақ жаңа Шидаовань АЭС №1 энергия блогы Шығыс Қытайдың Шаньдун провинциясында желіге сәтті қосылды. 210 МВт жоғары температуралы газбен салқындатылған екі демонстрациялық реактор кіреді.
  • Қытай Ұлттық ядролық корпорациясының (CNNC) мәліметтері бойынша, 2022 жылдың 1 қаңтарында Қытайдың оңтүстік-шығысындағы Фуцзянь провинциясында қуатты 1100 МВт құрайтын  HPR1000 Қытай даму реакторымен жабдықталған Фуцин АЭС №6 блогы ұлттық электр жүйесіне қосылды.
  • CNNC және China Huaneng Group Хайнань провинциясындағы Чянцзян АЭС №4 блогында қуаты 1100 МВт құрайтын HPR1000 PWR реакторына алғашқы бетон құйылғаны туралы хабарлайды.
  • 2021 жылдың желтоқсанында China General Nuclear Power Group (CGN) Чжэцзян провинциясындағы Санао АЭС №2 энергоблогында қуаты 1100 МВт құрайтын HPR1000 су реакторының құрылысы басталғаны туралы хабарлады. Санао екінші энергоблогының құрылысын қоса алғанда, қазіргі уақытта CGN компаниясы салып жатқан атомдық энергоблоктардың саны жалпы белгіленген қуаты 8,3 ГВт құрайтын жеті бірлікке жетті.
  • 2021 жылғы қарашада EDF Energy компаниясы Шотландияда (Ұлыбритания) орналасқан Hunterston B АЭС №3 блогын экспуатациядан шығарды. Көп ұзамай, 2022 жылдың қаңтарында №4 блок та пайдаланудан шығарылды. Hunterston B екі жақсартылған газ салқындататын АЭС реакторлары 1976 жылы ақпанда іске қосылды, бастапқыда қызмет ету мерзімі 25 жылға жоспарланған болатын, алайда энергоблоктардың қызметі 45 жылдан астам уақытқа ұзартылды.
  • Германияның атом энергетикасынан кезең-кезеңмен бас тарту саясатына сәйкес, 2021 жылғы 31 желтоқсанда үш АЭС, соның ішінде PreussenElektra компаниясының Шлезвиг-Гольштейннің Солтүстік жеріндегі қуаты 1430 МВт құрайтын Брокдорф АЭС, 1480 МВт қуаты құрайтын Төменгі Саксониядағы Гронда АЭС, сондай-ақ Бавариядағы RWE компаниясына тиесілі қуаты 1300 МВт құрайтын Гундремминген С АЭС электр желісінен ажыратылды.
  • Росэнергоатом концернінің мәліметтері бойынша, 45 жыл жұмыс істегеннен кейін Ресейдің, Курск облысының, Курчатовтағы Курск АЭС (РБМК-1000) №1 энергия блогы пайдаланудан шығарылды. АЭС директорының міндетін атқарушы Александр Увакиннің мәлімдемесіне сәйкес, пайдалану кезінде энергия блогы 251 миллиард киловатт-сағаттан астам электр энергиясын өндіріп шығарған.
  • Росатом атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік корпорациясы Үндістанның Тамил Наду штатында орналасқан Куданкулам АЭС №6 энергия блогында ВВЭР-1000 реакторының құрылысын бастау үшін алғашқы бетон құйылғаны туралы хабарлайды.
  • Армения Росатоммен ынтымақтасып, жабдықтарды ауыстыру және жаңғырту жөніндегі жұмыстардың нәтижесінде қуаты 376 МВт құрайтын (ВВЭР) Мецамор АЭС №2 энергия блогының пайдалану мерзімін 2026 жылға дейін ұзартты.

Төртінші тоқсанда «дәстүрлі емес сұранысқа» жататын бірқатар оқиғалар орын алды

  • Физикалық уранды ұзақ мерзімді инвестициялар ретінде сақтауды көздейтін «ANU Energy OEIC Ltd.» табиғи уран қоры құрылды. Бастапқы сатып алу Қор құрылтайшыларының 50 миллион АҚШ доллары мөлшеріндегі бірлескен инвестициялары есебінен жүзеге асырылатын болады. Қордың құрылтайшылары – 48,5% үлесімен Қазатомөнеркәсіп, 48,5% – «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы» АҚ және 3% – Genchi Global Limited компаниясы.
  • Sprott Physical Uranium Trust (SPUT) уран қоры инвестициялық пайларды орналастыру бағдарламасының көлемін нарықтық бағамен ұлғайтып, инвестициялық пайларды шығаруға 3,5 миллиард долларға дейін рұқсат алды.
  • Yellow Cake Plc сондай-ақ шамамен 3 миллион фунт U3O8 көлемінде қосымша материал сатып алу үшін капиталды тарту сәтті өткені туралы хабарлады.

Ұсыныс тарапына келетін болсақ, ресейлік уран өндіруші «Атомредметзолото» АҚ (АРМЗ) өзінің еншілес кәсіпорны «Далур» АҚ Ресейдің Қорған облысындағы Добровольное кен орнында уран өндіру үшін тәжірибелік-өнеркәсіптік учаскені жайластыру бойынша құрылыс жұмыстарын бастағанын хабарлады. АРМЗ сондай-ақ «Хиагда» АҚ Бурятия Республикасында Количиканск уран кен орнын игеруді бастағанын, бұрғылау және құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабардар етті.

Болашақ ұсыныс деңгейіне әсер ететін оқиға, Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі Буденовское кен орнының №6 және №7 учаскелерінде өнеркәсіптік өндіруді бастауға мүмкіндік беретін, ал өндірудің көлемін 2024 жылдан ерте емес 2 500 тоннаға дейін ұлғайтуды көздейтін «Буденовское» БК» ЖШС кен орнын игеру жобасын мақұлдады. Толық ақпарат төменде «Компания оқиғалары» бөлімінде берілген.

Ядролық отын циклына жататын оқиғада 2021 жылғы қарашада Қазақстанда қуаты жылына 200 тонна жылу бөлгіш құрамалар шығаратын «Үлбі-ЖБҚ» зауытының салтанатты ашылу рәсімі өтті. «Үлбі-ЖБҚ» зауыты үшін Framatome француз компаниясының технологиясы пайдаланылды, ал жаңа кәсіпорын Үлбі металлургия зауытының (ҮМЗ) отын таблеткаларын өндіру бойынша қуаттарды пайдаланатын болады. «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС – Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны, құрылтайшылары – 51% үлесі бар «ҮМЗ» АҚ («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес компаниясы) және 49% үлесі бар CGNPC-URC (China General Nuclear Power Corporation еншілес компаниясы).

Нарықтағы белсенділік және баға белгілеу

Төртінші тоқсанда спот-нарықтағы белсенділік деңгейі үшінші тоқсанның көрсеткіштерінен төмен болды, ал төртінші тоқсандағы белсенділік деңгейі төртінші тоқсандағы орташа тарихи деңгейден жоғары болды. Тоқсан ішінде спот бағасы жоғары құбылмалылықпен сипатталды, қазан айында баға алдымен U3O8 фунты үшін шамамен 37,35 АҚШ долларына дейін төмендеді, содан кейін негізінен қаржы ойыншылары тарапынан белсенділіктің артуына байланысты, күрт 47,00 АҚШ доллары деңгейіне көтерілді. Қараша айында спот бағасы шамамен 43,00 АҚШ долларға дейін төмендеді, ал айдың аяғында ол 46,50 АҚШ долларға дейін көтерілді. Желтоқсан айында спот-нарықтағы белсенділік айтарлықтай баяулады, бұл жыл соңына дейін U3O8 фунты үшін бағаның біртіндеп 42,00 АҚШ долларға дейін төмендеуіне әкелді. Үшінші тарап көздеріне сәйкес, 2021 жылы спот-транзакциялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 25% - ға жоғары болды. Транзакциялар көлемі шамамен 97 млн фунт U3O8 (37 300 тонна уран) құрады, орташа апталық спот бағасы U3O8 фунты үшін 35,05 АҚШ доллары, 2020 жылмен салыстырсақ орташа апталық спот бағасы U3O8 фунты үшін 29,60  АҚШ доллары шамамен 77 млн фунт U3O8 (29 600 тонна уран) құрады.

Сыртқы көздердің деректері бойынша 2021 жылы уранның ұзақ мерзімді нарықтағы транзакциялар көлемі шамамен 72 млн фунт U3O8 (27 700 тонна уран) құрады, ал 2020 жылы бұл көрсеткіш шамамен 53 млн фунт U3O8 (20 400 тонна уран) болды. Ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша нарықтық белсенділіктің 36% - дық өсуі U3O8 фунты үшін 8,00 АҚШ долларына ұзақ мерзімді бағаның өсуіне алып келді, ол 2021 жылға қарай U3O8 фунты үшін орта есеппен 42,75 АҚШ долларын құрады (ай сайын жарияланатын бөгде көздердің деректеріне сәйкес).

Компания оқиғалары

2022 жылдың басында тұрғындары сұйытылған газдың бөлшек сауда бағасын төмендетуді талап еткен Маңғыстау облысында Азаматтық наразылықтар басталғаннан кейін Қазақстанның бүкіл аумағында төтенше жағдай (ТЖ) режимі енгізілді. Наразылықтар ірі қалаларға тарап, Алматы қаласында ауқымды тәртіпсіздіктерге ұласты. Төтенше жағдай 19 жылдың 2022 қаңтарына дейін өз күшінде болып, коменданттық сағат пен жаппай жиналыстарға тыйым салуды қамтыды. Қазақстан Үкіметі 2022 жылғы 5 қаңтарда отставкаға кетті. Жаңа үкіметтің құрамы бекітіліп, 2022 жылғы 11 қаңтарда жұмыс істей бастады. Ішкі істер органдары, қауіпсіздік күштері және Қазақстанның Қарулы күштері қатысқан, сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) тарапынан қолдауымен жүргізілген ірі ауқымды терроризмге қарсы операция аяқталды. 19 қаңтардағы жағдай бойынша елдің барлық аумағындағы жағдай тұрақтанды, төтенше жағдай тоқтатылды, ҰҚШҰ күштерін Қазақстаннан шығару аяқталды.

Қазатомөнеркәсіптің негізгі басымдығы бұрынғысынша кәсіпорындар қызметінің үздіксіздігін, қызметкерлер мен өндірістік объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Жалпы алғанда, бұрын хабарланғандай, болып өткен оқиғалардың Компанияның бизнесіне әсері шамалы болды, ал өндірістік объектілер үздіксіз жұмыс істеп келеді.  Қазатомөнеркәсіптің тәуекелдерді басқару және қызметтің үздіксіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жоспарлары өзінің сенімділігін дәлелдеді және Компанияның уран өндіру, жеткізу немесе сату жөніндегі жоспарларындағы кідірістер мен іркілістердің алдын алуға көмектесті. ҰҚШҰ күштері Қазатомөнеркәсіптің инфрақұрылымына немесе өндірістік объектілеріне тікелей жақын орналаспаған.

Covid-19 жағдайы

2022 жыл басталғаннан кейін жаңа COVID-19 «омикрон» штаммының таралуына байланысты жұқтыру жағдайларының өсуі байқалды, бұл ағымдағы жылдың тамыз айында «қызыл» аймақтардың кеңеюіне және мемлекеттік органдар тарапынан Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларын қоса алғанда қатаң шектеулер қайта енгізуіне алып келді. Компания Сovid-19-ға байланысты жағдайдың мониторингін тұрақты негізде жүзеге асырады. Аурудың таралуын барынша азайту мақсатында, кеніштерге қолжетімділігі бар барлық адамдар үшін ПТР-тестілеуді енгізу арқылы, барлық қолданыстағы хаттамалар күшейтілді. Компания қызметкерлерінің денсаулығына байланысты тәуекелдер мұқият бақылауда, қызметкерлер арасында Covid-19 жағдайы анықталған кезде Компания және оның еншілес ұйымдары инфекцияның одан әрі таралуын болдырмау мақсатында проактивті де, алдын алу шараларын да қабылдайды, бұл ретте вирус жұқтырған қызметкердің денсаулығына, қажет болған жағдайда, тиісті медициналық көмек көрсете отырып, тұрақты мониторинг жүргізіледі.

Вакцинация статусының мониторингі күнделікті негізде жүргізіледі. Бүгінгі күні әрбір өндіруші еншілес кәсіпорын вакцинаның екі компонентін алып, иммундаумен қамтудың 90%-дық шебінен өтті, ал кейбір кәсіпорындарда 100%-дық көрсеткішке қол жеткізілді. Тұтастай алғанда, Топ бойынша, Компанияның корпоративтік орталығы мен оның еншілес және тәуелді ұйымдарын қоса алғанда, 2022 жылғы 24 қаңтар жағдай бойынша бірінші қомпонентпен қызметкерлердің 94%-ы (18 035) вакцинацияланып, 93%-ы толық вакцинацияланды.

«Буденовское» БК-ның табиғи уран өндіру келісімшарт туралы жаңартулар

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2021 жылғы қарашада Компанияның Директорлар кеңесі «Буденовское» БК» ЖШС-тің (бұдан әрі – «Буденовское» БК немесе «БК») кен орнын игеру жобасын мақұлдап Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің (бұдан әрі – Энергетика министрлігі) қаралуына және бекітілуіне ұсынды. 2021 жылдың 21 желтоқсан күні «Буденовское» БК жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа қосымша өнеркәсіптік өндіруді жүзеге асыруға арналған келісімге қол қойылды. Жоспар бойынша 2021 жылдан бастап 2045 жылға дейінгі 25 жылдық кезеңді қамтып, тәжірибелік-өнеркісіптік өндірудің ағымдағы кезеңін және Буденовское кен орнының 6 және 7-учаскелерін одан әрі өнеркәсіптік өндіруін, ал өндірудің көлемін 2024 жылдан ерте емес 2 500 тоннаға дейін ұлғайтуды және ең жоғары ықтимал жылдық өндірістік қуатты 2026 жылдан ерте емес 6 000 тоннаға дейін арттыруды көздейді. Пайдалануға берудің нақты мерзімдері мен өндірудің болашақ жылдық көлемдері жыл сайын қаралуға жатады, ал өндірістің нақты көлемдері Қазатомөнеркәсіп жүргізетін нарықтық жағдайды талдауға байланысты өзгертілуі мүмкін.

БК бойынша серіктестердің жазбаша келісімдеріне сәйкес «Буденовское» БК өндірісінің 2024 жылдан бастап 2026 жылға дейінгі барлық күтілетін көлемі оффтейк-келісімшарт шеңберінде нарықтық жағдайларда ресейлік азаматтық атом энергетикалық өнеркәсібін шикізаттық қамтамасыз ету үшін толығымен резервтелген. «Буденовское» БК 2016 жылы құрылған, қатысушылары – 51% үлесі бар Қазатомөнеркәсіп пен 49%-ын иеленген «Степногорск тау-кен химиялық комбинаты» ЖШС. 

«Орталық» ӨК» БК-ның табиғи уран өндіру келісімшарты туралы

2021 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Қазатомөнеркәсіп арасында Жалпақ кен орнында өнеркәсіптік өндіруді бастау құқығын қамтитын жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа қол қойылды. 2021 жылғы шілдеде жасалған CGN Mining UK Limited (CGNPC еншілес компаниясы) компаниясының «Орталық» ЖШС үлесінің 49% - ын сату туралы уағдаластықтарға сәйкес «Жалпақта» өнеркәсіптік өндіруді бастау құқығы, 2021 жылғы 28 желтоқсанда «Орталық» ЖШС-ға берілді. Жалпақ кенішін дамыту 21 жылдық кезеңгі жоспарда (2022-2042 жылдар) 2030 жылдан ерте емес, ең жоғары ықтимал жылдық өндірістік қуаты 900 тонна уранға дейінгі көзделген.

Қазатомөнеркәсіптің Директорлар кеңесіндегі өзгерістер

Мажоритарлық акционер Самұрық-Қазынаның өкілі, Қазатомөнеркәсіптің Директорлар кеңесінің мүшесі Болат Ақшолақов мырза жаңа Үкімет құрамында энергетика министрі болып тағайындалып, тиісінше, Компанияның Директорлар кеңесінен мүше ретінде өз өкілеттіктерін тоқтату туралы өтініш жазды.

Самұрық-Қазына ұйымдық құрылымындағы өзгерістер

2022 жылғы 24 қаңтарда «Самұрық-Қазына» («Қор») Қазатомөнеркәсіптің мажоритарлық акционері жаңа ұйымдық құрылымды бекіткені туралы жариялады. Жаңа құрылымға сәйкес Қор қызметкерлердің жалпы саны 248-ден 124-ке, ал басқарушы қызметтер саны 10-нан 5-ке, құрылымдық бөлімдер саны 27-ден 18-ге дейін қысқартылды. Қор сонымен қатар барлық шетелдік өкілдіктерді жабу туралы шешім қабылдады. Қазатомөнеркәсіптегі Самұрық-Қазынаның мәртебесі мен үлесіне байланысты ешқандай өзгерістер болған жоқ.

Қор өзінің қайта құрылымдау жоспарларына қосымша ретінде өзінің барлық портфельдік компанияларына корпоративтік орталық қызметкерлерінің санын 50% - ға қысқартуды және сатып алу мәселелеріне жауапты барлық басшыларды атқаратын қызметтерінен босатуды ұсынды.

Жария компания бола отырып, Қазатомөнеркәсіп жоғары стандарттар мен корпоративтік басқарудың үздік практикасын ұстануды жалғастыратын болады, ал ұйымдық құрылымдағы барлық өзгерістер және/немесе кез келген себептермен қызметтен босату мәселелері Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, қолданыстағы заңнамаға және ішкі нормативтік құжаттарға қатаң сәйкестікте ғана қаралатын болады. Компанияның қызметкерлер саны мен ұйымдық құрылымының өзгерістерін жан жақты бағалаудан кейін Қазатомөнеркәсіптің Директорлар кеңесі бекітуге тиіс.

Қазатомөнеркәсіптің 2021 жылғы 4-тоқсандағы операциялық қызметінің нәтижелері1

 

31  қаңтарда аяқталған үш ай

31 қаңтарда аяқталған жыл

 

(U3O8, түріндегі уран мың тоннада, егер басқасы көрсетілмесе)

2021

2020

Өзгеріс

2021

2020

Өзгеріс

Өндіріс көлемі (т. уран) (100% негізде)2

5 859

4 386

34%

21 819

19 477

12%

Өндіріс көлемі (иелену үлесіне барабар) (т. уран)3

3 066

2 427

26%

11 858

10 736

10%

Топ бойынша сату көлемі (т.уран)4

8 117

6 575

23%

16 526

16 432

1%

ҚАӨ сату көлемі (Топ бойынша сату көлеміне енгізілген) (т.уран)5

6 788

5 402

26%

13 586

14 126

-4%

ҚАӨ мәмілелері бойынша сатудың орташа бағасы (АҚШ долл. / фунт U3O8)6*

34,49

29,31

18%

32,36

29,63

9%

Айдың соңындағы спот бағаларының орташа бағасы (АҚШ долл. /фунт U3O8)7*

44,33

29,86

48%

35,28

29,96

18%

1 Барлық мәндер алдын-ала жасалған.
2 Өндіріс көлемі (100% негізде): Компанияның қатысу үлесі бар кәсіпорындар өндірісінің жиынтық көлемін білдіреді және осы өндіріс көлемінің кейбір бөлігі Топтың бірлескен кәсіпорындары бойынша серіктестерге немесе үшінші қатысушыларға тиесілі болуы мүмкін екенін ескермейді. Өндірістің нақты нақты көлемдері Конвертер деректерінің нәтижелері бойынша түзетуге жатады.
3 Өндіріс көлемі (қатысу үлесіне барабар): Компанияның қатысу үлесіне барабар үлесі бар кәсіпорындардың өндіріс көлемін білдіреді және "Инкай" БК-дағы өндіріс көлемін қоспағанда, бірлескен кәсіпорындар бойынша серіктестерге немесе үшінші қатысушыларға қатысты қалған бөлікті қамтымайды, мұнда "Инкай" БК-ның жылдық өндіріс көлемі (иелену үлесіне барабар) 2021 жылы Компанияның бағалы қағаздар шығару проспектісінде бұрын ашылған өнім өткізу туралы келісімнің шарттарына сәйкес 1 400 тонна U3O8 құрады.
4 Топ бойынша сату көлемі: Қазатомөнеркәсіпті және оның шоғырландырылған еншілес және тәуелді ұйымдарын (ҚАК олардың кірістілігіне елеулі әсер ететін тиісті қызметті басқару өкілеттіктерінің, (ii) осындай субъектілермен оның қатысуынан түсетін кірістердің ықпалының немесе өзгеру құқығының және (iii) топ пайдасының мөлшеріне әсер ету үшін осындай субъектілерге өз өкілеттіктерін пайдалану қабілетінің болуы жолымен бақылайтын компанияларды) сатуды қамтиды. Елеулі ықтимал дауыс беру құқықтарын қоса алғанда, негізгі құқықтардың болуы мен ықпалы ҚАӨ-нің басқа заңды тұлғаға бақылауын бағалау кезінде ескеріледі). Көлем 2021 жылдың төртінші тоқсанда гексафторида урана UF6 түрінде сатылған 225 т уран эквивалентін қоспайды.
5 ҚАӨ сату көлемі (Топ бойынша сату көлеміне енгізілген): ҚАӨ мен KazakAtom AG (THK) сауда үйінің қорытынды сыртқы сатуларын ғана қамтиды. ҚАӨ мен THK арасындағы топішілік мәмілелер енгізілмеген. Көлем 2021 жылдың төртінші тоқсанда гексафторида урана UF6 түрінде сатылған 225 т уран эквивалентін қоспайды.
6 ҚАӨ мәмілелері бойынша сатудың орташа бағасы: ҚАӨ мен THK қорытынды сыртқы сату үшін уран концентратының бір фунты үшін орташа өлшенген баға. ҚАӨ мен THK арасындағы топішілік мәмілелер бойынша бағалар енгізілмеген.
7 Дереккөз: UxC LLC, TradeTech. Бағалар-бұл UxC және TradeTech уран спот бағасының орташа бағасы, ай сайын әр апта үшін спот бағасының орташа мәні емес, өйткені келісім-шарт бағасының шарттары әдетте айдың соңындағы бағаға байланысты.
* Назар аударыңыз, кг-ны U3O8 фунтына ауыстыру коэффициенті 2,5998 құрайды.

Өндіріс көлемі қатысу үлесіне барабар және 2021 жылғы 100%-дық негізде 2020 жылмен салыстырғанда жоғары болды және 2021 жылдың төртінші тоқсанында көрсеткіштер 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болды. 2020 жылы пандемия кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде қабылданған шаралар осы жылдың екінші жартыжылдығында өндіріске әсер етті - осылайша 2020 жылы өндіріс көлемі өте төмен болды, ал 2021 жылы өндіру деңгейі жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар көлемінен шамамен 20% - ға төмен болды.

Шоғырландырылған сату көлемі 2020 жылғы көлемге ұқсас болды. Клиенттердің жеткізілімге деген сұраныстарының мерзіміне және жеткізілім кестесіндегі сәйкес айырмашылықтарға байланысты, шоғырландырылған сату көлемі де, КАӨ-тің де сатылымдарының үлкен үлесі төртінші тоқсанға келді, бұл 2021 жылдың соңғы тоқсанында 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сатылымның өсуіне әкелді. ҚАӨ сату көлемі шоғырландырылған еншілес компаниялардың БК бойынша серіктестерге қосымша сатуларына байланысты 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылы біршама төмен болды.

2021 жылы уранның споттық бағасының өсуі Қазатомөнеркәсіптің орташа сату бағасына оң әсер етіп, ол 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өсті. Алайда, 2021 жыл ішінде уранға споттық бағалардың өспелі құбылмалылығына байланысты 4-тоқсандағы және жылдағы ҚАӨ сатудың орташа бағасы ұқсас кезеңдердегі айдың соңындағы уранның орташа споттық бағасынан төмен болды, өйткені төртінші тоқсан ішінде жеткізілімдердің негізгі бөлігі неғұрлым ерте күні тіркелген әр түрлі баға белгілеудің механизімдерін көздейтін келісімшарттардағы бағалар негізінде жүзеге асырылды.

Қазатомөнеркәсіптің 2022 жылға арналған болжамдары

 

2021

2022

U3O8 өндіру көлемі (100% негізде) (мың тонна уран)1

21 700 – 22 000

21 000 – 22 000

U3O8 өндіру көлемі (иелік үлесіне барабар) (мың тонна уран)2

11 800 – 12 000

10 900 – 11 500

Топ бойынша сату көлемі (шоғырландырылған) (мың тонна уран)3

16 300 – 16 800

16 300 – 16 800

   ҚАӨ сату көлемі (Топ бойынша сату көлеміне енгізілген)  

    (мың тонна уран)4

13 500 – 14 000

13 400 – 13 900

1 U3O8 түріндегі уран тоннасының өндіріс көлемі (100% негізде): Компанияның қатысу үлесі бар кәсіпорындар өндірісінің жиынтық көлемін білдіреді және осы өндіріс көлемінің кейбір бөлігі топтың бірлескен кәсіпорындары бойынша серіктестерге немесе үшінші қатысушыларға тиесілі болуы мүмкін екенін ескермейді.
2 Өндіріс көлемі (қатысу үлесіне барабар): Компанияның иелену үлесіне барабар үлесі бар кәсіпорындар өндірісінің көлемін білдіреді және жылдық өндіріс көлемі (иелену үлесіне барабар) Компанияның бағалы қағаздар шығару проспектісінде бұрын ашылған өткізу туралы келісімге сәйкес айқындалатын «Инкай» БК қоспағанда, бірлескен кәсіпорындар бойынша серіктестерге немесе үшінші қатысушылар бойынша қалған бөлікті қамтымайды.
3 Топ бойынша сату көлемі: Қазатомөнеркәсіптің және оның шоғырландырылатын еншілес және тәуелді ұйымдарының (ҚАӨ: (i) тиісті қызметті басқару өкілеттіктерінің болуы жолымен бақылайтын компаниялардың) сатуларын қамтиды, бұл олардың кірістілігіне айтарлықтай әсер етеді, (ii) осындай субъектілермен оның қатысуынан түсетін кірістерді өзгертуге ықпал етеді немесе құқығы және (iii) топ пайдасының мөлшеріне ықпал ету үшін осындай субъектілерге өз өкілеттіктерін пайдалану қабілеті. Маңызды әлеуетті дауыс беру құқықтарын қоса алғанда, негізгі құқықтардың болуы мен әсері ҚАӨ-нің басқа заңды тұлғаға бақылауын бағалау кезінде ескеріледі).
4 Компанияның сату көлемі (Топ бойынша сату көлеміне енгізілген): тек Компанияның және THK-ның қорытынды сыртқы сатылымдарын қамтиды. Компания мен THK арасындағы топішілік мәмілелер енгізілмеген.
* Назар аударыңыз, кг-ны U3O8 фунтына ауыстыру коэффициенті 2,5998 құрайды.

2018-2023 жылдар аралығындағы кезеңде жоспарланған өндіріс көлемін 20% - ға (жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде өндірудің жоспарланған деңгейімен салыстырғанда) қысқарту ниетімен 2022 жылы Қазатомөнеркәсіптің өндіріс көлемі бойынша күтулер бұрынғысынша нарыққа бағдарланған стратегияға сәйкес сақталады. 2022 жылы 100% негізде өндіріс көлем диапазонның жоғарғы көрсеткіші өткен жылдың көрсеткішіне ұқсас 21 000 - ден 22 000 тоннаға дейін уранды құрайды деп күтілуде. Пандемия бүкіл өндірістік жеткізілім тізбегіне әсер етті, бұл негізгі материалдар мен жабдықтардың (реагенттер, құбырлар мен сорғылардың белгілі бір түрлері, мамандандырылған жабдықтар, бұрғылау қондырғылары) 2021 жылы жетіспеуіне әкеліп соқты және операциялық кестелерге теріс әсер етіп, 2022 жылы өндіріс көлеміне қосымша әсер етуі мүмкін. Нәтижесінде болжамды өндіріс көлем диапазоны кеңейді. Иелік үлесіне барабар өндіріс көлемі 2022 жылы 10 900-11 500 тонна уран аралығында 2021 жылғы деңгейден төмен күтілуде, бұл 2021 жылдың ортасында CGN Mining UK Limited (CGNPC еншілес компаниясы) компаниясына «Орталық» ЖШС үлесінің 49% - ын сатуға және жоғарыда аталған өндірістік жеткізілім тізбегіндегі мәселелерге байланысты.

Сату көлемі бойынша 2022 жылға арналған болжамдар да нарыққа бағдарланған стратегияға сәйкес сақталады. Топ сату көлемін 2021 жылғы көлемге ұқсас 13 400-ден 13 900 тонна уран арасындағы КАӨ сату көлемі бойынша болжамжарды қоса алғанда, 16 300-ден 16 800 тоннаға дейін уран деңгейде  күтеді.

Компания әлі де қорлардың (қоймалардағы қалдықтардың) мақсатты деңгейін сақтауға тырысады, ол Компанияның шамамен алты-жеті айлық өндіріс көлеміне пропорционалды түрде сәйкес келеді. Алайда, 2022 жыл қорлары (қоймалардағы қалдықтар) Covid-19 пандемиясы кезінде өндірістің кемуіне байланысты осы деңгейден төмен болуы мүмкін. Осылайша, 2021 жылдың төртінші тоқсан ішінде Компания спот нарығында материалды сатып алу бойынша бірқатар мәмілелер жасады және Компания өз қорларын оңтайландыру үшін мүмкіндіктерді іздеу мақсатында нарықтық жағдайды бақылауды жалғастырады.

Қажетті шикізат пен материалдарды жеткізудегі қиындықтар, соның ішінде өндірістік материалдар мен реагенттерге инфляциялық қысым 2022 жылда да сақталады, бұл компанияның қаржылық көрсеткіштеріне әсер етеді. Бұдан басқа, компанияның шығыстарына Қазақстанның салық кодексіндегі ықтимал өзгерістер және Қазақстанның әлеуметтік қорына аударымдар әсер етуі мүмкін, алайда қазіргі уақытта бұл тәуекелдерді сандық түрде анықтау немесе бағалау мүмкін емес. Компанияның 2022 жылға арналған қаржылық көрсеткіштері бойынша болжамдар 2022 жылғы 17 наурызға жоспарланған 2021 жылғы қызметтің қаржылық жай-күйі мен нәтижелерін талдауда жарияланатын болады.

Конференц-қоңырау (2021 жылдың қорытындылары бойынша қаржылық жай-күйі мен қызмет нәтижелерін талдау – 2022 жылғы 17 наурыз)

Қазатомөнеркәсіп 2022 жылғы 17 наурызда жарияланғаннан кейін 2021 жылдың қорытындылары бойынша операциялық және қаржылық нәтижелерді талқылау үшін конференц-қоңырау өткізуді жоспарлап отыр. Толығырақ ақпарат іс-шара өтетін күнге жақын беріледі.

Толығырақ ақпарат алу үшін хабарласуға болады:

Инвесторлармен өзара іс-қимылға байланысты мәселелер бойынша

Кори Кос (Cory Kos), IR департаментінің директоры

Тел: +7 7172 45 81 80

Email: ir@kazatomprom.kz

Қоғаммен байланыс және БАҚ сұраулары бойынша

Торғын Мұқаева, GR және PR департаменті PR бөлімінің бас сарапшысы

Тел: +7 7172 45 80 63

Email: pr@kazatomprom.kz

Осы хабарландырудың көшірмесі  www.kazatomprom.kz сайтында қолжетімді.

Қазатомөнеркәсіп туралы

Қазатомөнеркәсіп – Компанияның қатысу үлесіне барабар, 2020 жылы уранның жиынтық әлемдік бастапқы өндірісінің шамамен 23%-ы мөлшерінде табиғи уран өндірген әлемдегі ең ірі уран өндіруші. Топтың саладағы ең ірі резервтік уран базасы бар. Қазатомөнеркәсіп еншілес, тәуелді және бірлескен ұйымдармен бірге 14 уран өндіруші кәсіпорынға біріктірілген 26 кен орнын игеруде. Барлық уран өндіруші кәсіпорындар Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және денсаулық сақтауды, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғауды бақылаудың озық практикалары мен құралдарына (ISO 45001 және ISO 14001 сертификатталған) ерекше назар аудара отырып, жер асты ұңғымалық шаймалау технологиясын қолданады.

Қазатомөнеркәсіптің бағалы қағаздары Лондон қор биржасында және «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасында орналастырылған. Қазатомөнеркәсіп Қазақстан Республикасының Ұлттық атом компаниясы саналады және Топтың негізгі клиенттері – атом өндіруші қуат операторлары, ал өнімдер үшін негізгі экспорттық нарық – Қытай, Оңтүстік және Шығыс Азия, Солтүстік Америка және Еуропа. Топ уран мен уран өнімдерін ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді келісімшарттар бойынша, сондай-ақ спот нарығында тікелей Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан бас кеңсе немесе Швейцариядағы Trading House KazakAtom (THK) еншілес кәсіпорны арқылы сатады.

Толық ақпарат біздің сайтымызда: http://www.kazatomprom.kz.

Болашаққа қатысты мәлімдемелер

Осы хабарға немесе құжатқа енгізілген тарихи фактінің мәлімдемелерінен басқа барлық мәлімдемелер болашаққа қатысты мәлімдемелер болып табылады. Болашаққа қатысты мәлімдемелер Компанияның қаржылық жағдайына, қызмет нәтижелеріне, жоспарларына, мақсаттарына, болашақ нәтижелері мен қызметіне қатысты ағымдағы үміттері мен болжамдарын көрсетеді. Мұндай мәлімдемелерде,  бұның алдында, бұлардан  кейін немесе   "мақсат", "санаймыз", "күтеміз", "ниеттіміз", "мүмкін", "болжаймыз", "бағалаймыз", "жоспар", "жоба", "болады", "болуы мүмкін", "ықтимал", "әбден мүмкін" сияқты сөздер мен терминдер немесе олардың теріс нысандары қолданылатын мәлімдемелер қамтылуы мүмкін.

Болашаққа қатысты мұндай мәлімдемелер белгілі және белгісіз тәуекелдерді, белгісіздіктерді және Компанияның бақылауынан тыс басқа да маңызды факторларды қамтиды, бұл Компанияның нақты нәтижелері, көрсеткіштері немесе жетістіктері болашаққа қатысты осындай мәлімдемелермен көрсетілген немесе болжанған нәтижелерден, көрсеткіштерден немесе жетістіктерден айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін. Болашаққа қатысты мұндай мәлімдемелер Компанияның қазіргі және болашақ бизнес стратегиясына және болашақта жұмыс істейтін жағдайларға қатысты көптеген болжамдарға негізделген.

ОСЫ ҚҰЖАТТА ҚАМТЫЛҒАН БОЛЖАМДАРҒА ҚАТЫСТЫ АҚПАРАТ БОЛАШАҚ ОҚИҒАЛАР ТУРАЛЫ БІРҚАТАР БОЛЖАМДАРҒА НЕГІЗДЕЛЕДІ ЖӘНЕ ЕЛЕУЛІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ БӘСЕКЕЛЕСТІК БЕЛГІСІЗДІККЕ ЖӘНЕ БАСҚА ДА КОНВЕНЦИЯЛАРҒА ҰШЫРАЙДЫ, ОЛАРДЫҢ ЕШҚАЙСЫСЫН СЕНІММЕН БОЛЖАУ МҮМКІН ЕМЕС ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ КЕЙБІРЕУЛЕРІ КОМПАНИЯНЫҢ БАҚЫЛАУЫНАН ТЫС. БОЛЖАМДАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫНА КЕПІЛДІК БЕРІЛМЕЙДІ ЖӘНЕ НАҚТЫ НӘТИЖЕЛЕР КӨРСЕТІЛГЕННЕН ЖОҒАРЫ НЕМЕСЕ ТӨМЕН БОЛУЫ МҮМКІН. КОМПАНИЯДАҒЫЛАРДЫҢ ЕШҚАЙСЫСЫ-ОНЫҢ АКЦИОНЕРЛЕРІ ДЕ, ДИРЕКТОРЛАРЫ ДА, ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒАЛАРЫ ДА, ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ДЕ, КЕҢЕСШІЛЕРІ ДЕ, ҮЛЕСТЕС ТҰЛҒАЛАРЫ ДА, ЖОҒАРЫДА АТАЛҒАН ҚАНДАЙ ДА БІР ӨКІЛДЕРІ НЕМЕСЕ ЖОҒАРЫДА АТАЛҒАНДАРДЫҢ ҮЛЕСТЕС ТҰЛҒАЛАРЫ ДА ОСЫ ҚҰЖАТТА ҰСЫНЫЛҒАН БОЛЖАМДАРДЫҢ ДӘЛДІГІ ҮШІН ЖАУАПТЫ БОЛМАЙДЫ.

Болашаққа қатысты мәлімдемені қоса алғанда, осы хабарламада немесе құжатта қамтылған ақпарат осы құжаттың күніне ғана қолданылады және болашақ нәтижелерге қатысты қандай да бір кепілдіктер беруге арналмаған. Компания қаржылық деректерді немесе болжамды мәлімдемелерді қоса алғанда, осындай ақпараттың жаңартуларын немесе өзгерістерін тарату жөніндегі қандай да бір міндеттемелерден біржақты түрде бас тартады және Компанияның күтулеріндегі өзгерістер, оқиғаларға, жағдайларға немесе болашаққа қатысты осындай мәлімдемелер негізделген мән-жайларға өзгерістер нәтижесінде немесе осы құжат күнінен кейін туындайтын басқа да оқиғалар немесе мән-жайларда ол ақпаратқа енгізуі мүмкін қандай да бір өзгерістерді жария түрде шығармайтын болады.

Пікір қалдыру