| (AIX)    KZT 18310   %   1.16 USD 41.2   %   1.48

Қазатомөнеркәсіп АЭХА Бас конференциясы аясындағы ел павильонында ұсынылды

25 қыркүйек 2023
Қазатомөнеркәсіп АЭХА Бас конференциясы аясындағы ел павильонында ұсынылды

25 қыркүйекте Вена қаласында (Австрия) Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Бас конференциясының 67-ші сессиясы шеңберінде Қазақстан Республикасының елдік павильонының ресми ашылуы өтті. Стендте еліміздің атом саласының жетістіктері көрсетілді.

Қазатомөнеркәсіп әлемдік уран нарығындағы атом холдингінің рөлі, ядролық қаруды таратпау режиміне және АЭХА-мен ынтымақтастыққа бейілділігі, сондай-ақ Үлбі металлургия зауытының аумағында орналасқан АЭХА-нің Төмен байытылған уран банкінің қызметі туралы ақпаратты ұсынды.

Іс-шараға қазақстандық делегация өкілдері мен халықаралық салалық форум қонақтары қатысты.

«Осы жылдар ішінде Қазақстан атом саласында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Біздің еліміз әрқашан қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғаудың ең жоғары стандарттарын сақтай отырып, прогресті ынталандыру үшін атом энергиясының әлеуетіне сенді. Бүгін біз «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы, ҚР Ұлттық ядролық орталығы және ҚР ЭМ ядролық физика институты сияқты ұйымдардың айрықша үлесін көрсету үшін келдік.

Бұл көрме – біздің жетістіктеріміздің көрмесі ғана емес, сонымен қатар тәжірибе мен идеялар алмасуға арналған алаң. Бұл бизнес, ғылым және мемлекеттік органдар өкілдерінің кездесу орны болады деп үміттенеміз, онда стратегиялық мәселелер талқыланып, атом саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттары зерттеледі», - деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев құттықтау сөзінде.

Қазақстандық павильонның ашылуында АЭХА Бас директорының орынбасары Михаил Чудаков та сөз сөйледі. Ол Қазақстанның бейбіт атом энергетикасын дамытудағы маңызды рөлін және климаттың өзгеруінің салдарын жұмсартуға және төмен көміртекті даму жөніндегі жаһандық мақсатқа қол жеткізуге қосқан зор үлесін атап өтті.

Конференция аясында қазақстандық делегация серіктес елдердің өкілдерімен тақырыптық сессиялар және кездесулер өткізеді, онда екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланады.

Конференция қорытындысы бойынша әлемдік атом саласын дамыту саласында маңызды шешімдер қабылданады деп күтілуде.

Пікір қалдыру