| (AIX)    USD 40.57   %   1.76 KZT 18150   %   -0.25

«Қазатомөнеркәсіп» Оңтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпкерлерден 5,9 млрд теңгеге өнім сатып алды

9 қазан 2015
«Қазатомөнеркәсіп» Оңтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпкерлерден  5,9 млрд теңгеге өнім сатып алды

Ұлттық атом компаниясының басшысы Оңтүстік Қазақстан облысында болды.

Сапар аясында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловпен кездесіп, екі жақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін сөз етті. Кездесуде «Қазатомөнеркәсіптің» еншілес кәсіпорындарының қоныс аударуына айрықша мән берілді.

«Қазатомөнеркәсіптің» өндіруші кәсіпорындары кеңселерінің көшуі Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде іске асырылуда. Кеңселердің қоныс аударуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді және кәсіпорындардың жұмыс тиімділігін арттырады деп күтілуде.

«Орталық» ӨК» ЖШС және «Инкай» БК» ЖШС-нің орталық аппараттары алғашқылар қатарында Оңтүстік Қазақстан облысына көшіп өтті. Ай соңына дейін «Әппақ» ЖШС, «Қаратау» ЖШС, «Ақбастау» БК» АҚ және «Заречное» БК» АҚ бас кеңселері көшуді аяқтайды. 2015 жылы Шымкентке атом компаниясының 8 еншілес кәсіпорны қоныс аударатын болады.

Асқар Жұмағалиев осы көш барысында кәсіпорындарға көрсетіп отырған қолдауы үшін облыс әкіміне алғысын білдіріп, «Қазатомөнеркәсіп» аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына белсене қатысатынын атап көрсетті.

Ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы меморандумда бекітілген жергілікті үлеске қатысты міндеттеменің 128% орындалғанын хабарлады. «Қазатомөнеркәсіп» жергілікті кәсіпкерлер мен тауар өндірушілерден 5,9 млрд теңгеге өнім сатып алды.

Сондай-ақ, аймақты әлеуметтік-экономикалық дамыту меморандумына сәйкес жыл соңына дейін компания 12 әлеуметтік нысанды әкімдікке өткізуді және оларды ұстап тұруға биыл қосымша 88 млн теңге бөлуді көздеп отыр. Сонымен бірге, «Қазатомөнеркәсіп» жаңа әлеуметтік нысандар құрылысы үшін облыс бюджетіне 800 млн теңге бөледі. Компания мұнымен шектелмей, уран өндіруші өңірге қолдау көрсетуді жалғастыра бермек. Атап айтқанда, осы қазан айында «Қазатомөнеркәсіптің» еншілес кәсіпорны қаржысына салынып жатқан Созақ ауданының Тасты аулындағы 50 орындық балабақша құрылысы аяқталады.

Сапар аясында Асқар Жұмағалиев уран кеніштерін, Шымкентке көшіп өткен еншілес және бағынышты кәсіпорындардың әкімшілік кеңселерін аралап, кәсіпорындардың ағымдағы қызметіне қатысты жер-жерде кеңестер өткізді.

Пікір қалдыру