| (AIX)    USD 38.34   %0      KZT 18185   %0     

Баспасөз баяны «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы «Алтын Гефест» ұлттық байқауының жеңімпазы болды

22 маусым 2015
Баспасөз баяны «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы «Алтын Гефест» ұлттық байқауының жеңімпазы болды

Астанада Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен өткен жыл сайынғы «Алтын Гефест» ұлттық байқауының қорытындысы шығарылды.

Биыл «Алтын Гефест» «Қуатты үнемдеу саласындағы ең үздік шешім» аталымында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на тапсырылды. Ұлттық атом компаниясы бұл бірінші орынды «Ақдала, Оңтүстік Ыңғай, Қорасан кеніштеріндегі 0,4-6 кВ, 0,4-10 кВ желілерде реактивті қуатты теңелту» жобасы үшін жеңіп алды.

Салалық байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 6-шы халықаралық «Astana Mining and Metallurgy» конгресі аясында өтіп, оған мемлекеттік органдар мен тау-кен металлургия кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

Тау-кен металлургия саласындағы үздік атану үшін 12 аталым бойынша 110 қатысушы сынға түскен. Жеңімпаздарды анықтауда инновациялық технологияларды, жаңа тәсілдерді қолданудың экономикалық, әлеуметтік тиімділігі басты өлшем болды.

«Алтын Гефест» – тау-кен кешені қызметкерлері мен компанияларына, сондай-ақ тау-кен ісі мен металлургияда үздік атанудан үміткер жобалау, ғылыми, оқу орындары мен кәсіпорындардың мамандарына берілетін жалғыз ұлттық сыйлық.

 

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Қазатомөнеркәсіп сондай-ақ, Қазақстанда жаңартылатын энергетиканы дамыту бағдарламасының белсенді қатысушысы. Бүгінгі таңда компанияда 27 000-нан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.

www.kazatomprom.kz

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ

Қоғаммен байланыс басқармасы

+7 /7172/ 55-13-05

pr@kazatomprom.kz

Пікір қалдыру