Астанада Қазақстан Үкіметі мен Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) арасындағы еліміз аумағында төмен байытылған уран банкін (ТБУБ) құру туралы келісімге қол қою рәсімі болып өтті.
Құжатты Қазақстан атынан ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, ал МАГАТЭ жағынан ұйымның бас директоры Юкия Амано бекітті.
Сондай-ақ, Қазақстанда МАГАТЭ-нің ТБУБ құру мақсатында қабылдануы тиіс нақты іс-шаралар туралы ҚР энергетика министрлігі мен МАГАТЭ арасындағы Техникалық келісімге де қол қойылды.
Сонымен бірге, «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес кәсіпорны) мен Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы Қазақстан Республикасында МАГАТЭ-нің ТБУБ-не байланысты ұсынылатын қондырғылардың операторы қызметтері туралы Техникалық келісім де бекітілді.
Қол қою рәсіміне Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Франция, Ресей өкілдері, сондай-ақ осы жобаның донор елдері болып табылатын Еуропалық одақ, Кувейт және БАӘ өкілдері қатысты.
ТБУБ арқасында қатысушы-елдер атом электр стансаларына арналған отынға сенімді қол жеткізетін болады, бұл өз уран байыту өндірісі болмаған мемлекеттерге үздіксіз ядролық отын жеткізіп тұруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ТБУБ құру құпия технологиялардың таралу қаупін төмендетіп, ол өз кезегінде ғаламдық қауіпсіздікке де оң ықпалын тигізбек.