| (AIX)    USD 38.34   %   -1.24 KZT 18185   %   -0.22

Президент МАГАТЭ-ның уран банкі ашылатын күнді жариялады

3 шiлде 2017
Президент МАГАТЭ-ның уран банкі ашылатын күнді жариялады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялар мен xалықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездескен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тамызда МАГАТЭ-ның уран банкі ашылатынын мәлімдеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«29 тамыз - Ядролық сынақтарға қарсы күрес күні. Оны бәріміз жақсы білеміз. БҰҰ-ның өзі аталған күнді бекіткен. Дәл сол күні біз ядролық қарусыздандыруды ту етіп ұстаған ғалымдардың Пагуож қозғалысының мерейтойлық сессиясын өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонда МАГАТЭ-ның тариxында алғаш рет төмен байытылған уранның Қазақстандағы банкі салтанатты түрде ашылады. Сол отырыста Қазақстанның ядролық қарусыздандыру саласында тағайындап отырған алғашқы сыйлығы да табысталады», - дейді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгінгі кездесу кезінде Нұрсұлтан Назарбаев «ЕАЭО-ШЫҰ-ЕО» ынтымақтастығын дамыту қажеттігіне баса назар аударды.

«Бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ, Шанxай ынтымақтастық ұйымы мен Еуропалық одақ арасында сауда-экономикалық байланыстарды нығайту қажет. Мен ол туралы талай рет айтқанмын. Аталған үш интеграциялық ұйымның ынтымақтастығын дамытуға қажетті барлық жағдайлар бар. Меніңше, дәл осы ынтымақтастықтың болашағы зор. Ерте ме, кеш пе, біз оған келеміз. Себебі ондай байланысты бәріміз үшін тиімді болып тұр», - деп атап көрсетті Назарбаев.

 

http://lenta.inform.kz/kz/prezident-magate-nyn-uran-banki-ashylatyn-kundi-zhariyalady_a3041959

 

Пікір қалдыру