| (AIX)    USD 40   %   0.88 KZT 18175   %   0.97

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқармасының төрағасы Нұрлан Қаппаров кенеттен қайтыс болды

27 наурыз 2015
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқармасының төрағасы  Нұрлан Қаппаров кенеттен қайтыс болды

2015 жылғы 26 наурызда Қытайда 44 жасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі саясаткер және кәсіпкер, меценат, Қазақстанның бұрынғы Қоршаған ортаны қорғау министрі, республикамыздың жаңа тұрпатты жас басқарушыларының жарқын өкілі, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқармасының төрағасы  НҰРЛАН ЖАМБЫЛҰЛЫ ҚАППАРОВ кенеттен дүние салды.

Нұрлан Қаппаров 1970 жылы 30 наурызда Алматы қаласында дүниеге келді. Ол О.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған физика-математика орта мектебінің түлегі. Алматы технологиялық институтын бітірген, Гарвард университетінің Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебінде мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алған.

Нұрлан Қаппаров тоқсаныншы жылдары «Акцепт» корпорациясын құрды және оған басшылық жасады. 1997-1999 жылдары «КазТрансОйл» ұлттық мұнай тасымалдау компаниясын және «Казахойл» ұлттық мұнай-газ компаниясын басқарды. 1999 жылдан 2001 жылға дейін Нұрлан Қаппаров Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі болды. Одан кейінгі жылдары ол «Lancaster Group Kazakhstan» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы болды. 2012 жылы  Нұрлан Қаппаров Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрі болып тағайындалды. 2014 жылғы тамыздан «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқармасының төрағасы және Директорлар кеңесінің мүшесі болды.

Ел алдындағы айтарлықтай еңбегі үшін Нұрлан Қаппаров көптеген үкімет наградаларымен, медальдармен және Мемлекет басшысының, Қазақстан Премьер-Министрінің грамоталарымен марапатталды. «Құрмет» орденін алды.

Нұрлан Қаппаров 2005 жылы дарынды балаларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға және ауылдық жерде тұратын аз қамтылған отбасыларынан шыққан балаларға әлеуметтік қайырымдылық көмек және қолдау көрсететін «Жамбыл» қоғамдық қайырымдылық қорын құрды.

Нұрлан Жамбылұлы жеке меншік және мемлекеттік активтерді басқаруда үлкен тәжірибе жинаған, көптеген жобаларды іске асырған өз ісінің нағыз шебері, білікті басшы, білгір кәсіпкер еді.

Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі болған кезінде атқарған ауқымды жұмысы Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамасын іске асыру болды. Онда экология, қоршаған ортаны қорғау, ресурстар мен энергия үнемдеу мәселелеріне айрықша назар аударылды.

Нұрлан Жамбылұлы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-қа келісімен компанияның алдына толық ядролық отын циклын құру міндетін қойып, республиканың атом өнеркәсібін дамыту ісіне тың серпін берді.

 Нұрлан Жамбылұлы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ұжымының есінде талантты да білікті басшы, әріптестерінің арман-мүдделеріне сергек қарайтын жайсаң азамат, жақсы адам ретінде қалады. Ол өз ісіне шын берілген, Қазақстан Республикасына адал қызмет еткен нағыз азамат еді.

Біз Нұрлан Жамбылұлы Қаппаровтың отбасына, туыс-туғандары мен балаларына шын жүректен қайғырып, көңіл айтамыз, олар үшін ол шын мәнінде сүйікті жар, қамқор әке, адал перзент бола білді.

Бұл бүкіл Қазақстан халқы үшін орны толмас ауыр қаза болды.

Нұрлан Жамбылұлы Қаппаровтың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады!

 

Марқұммен қоштасу 28 наурызда сағат 9:30 – 11:00-де Алматы қаласында Ұлттық ғылым академиясында өтеді.

 

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ұжымы

Қазақстан Республикасы атом өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіподағы

Пікір қалдыру