| (AIX)    KZT 18185   %   -0.22 USD 38.64   %   -0.46

Бұрынғы уран нысандары жөніндегі МАГАТЭ-нің халықаралық үйлестіру тобының техникалық кеңесі

12 маусым 2017
Бұрынғы уран нысандары жөніндегі МАГАТЭ-нің халықаралық үйлестіру  тобының техникалық кеңесі

Алматыда бұрынғы уран нысандары жөніндегі МАГАТЭ-нің халықаралық үйлестіру тобының (CGULS – Coordination group for uranium legacy sites) техникалық кеңесі болып өтті. Жиынды МАГАТЭ, Еуропалық қайта құру және даму банкі, ҚР энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ұйымдастырды.

Кездесуге 11 елдің (Чехия, Франция, Германия, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ұлыбритания, Украина және Түркіменстан), МАГАТЭ, Еуропалық қайта құру және даму банкі, БҰҰДБ, ЕҚЫҰ, Еуропалық комиссия және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Сарапшылар МАГАТЭ ұсынған бұрынғы уран өндірісі нысандарын экологиялық оңалтудың стратегиялық шеберлік жоспарын талқылады. Бұдан бөлек, кеңеске қатысушы елдердің бұрынғы уран нысандарын ремедиациялау және құнарлығын қалпына келтіру әдістемесі, оны ұйымдастыру мен өткізу мәселелері де қаралды.

Кеңесте МАГАТЭ мен ЕҚДБ жүргізіп отырған «Уран өндіруші өндірістің ықпалына түскен ЕурАзЭО-қа мүше-мемлекеттер аумағының құнарлығын қалпына келтіру» мемлекетаралық мақсатты бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарға шолу жасалды. МАГАТЭ және Германия өкілдері радиациялық және экологиялық мониторингке арналған жабдықтар және қолданылатын әдістер туралы әңгімеледі. Жиын барысында қатысушылар уран қалдықтары саласындағы ой-пікірлерімен бөлісті. Баяндамашылардың сөздерінің түйіні және кеңес қорытындысы МАГАТЭ веб- сайтында орналастырылады.

МАГАТЭ халықаралық үйлестіру тобының отырысы жыл сайын топқа мүше елдердің бірінде өткізіліп тұрады. Биыл қатысушыларды Қазақстан тарапы қабылдап, үйлестіру тобының жұмысына «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ЕҚОҚД директорының м.а. Манас Ысқақов төрағалық етті. МАГАТЭ тобының келесі кездесуін 2018 жылы Өзбекстанда өткізу жоспарланған.

Пікір қалдыру