| (AIX)    USD 39.65   %   -0.23 KZT 18000   %   -0.55

«Уран өнеркәсібінің өзекті мәселелері» VIII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы

4 тамыз 2017
«Уран өнеркәсібінің өзекті мәселелері» VIII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы

Астанада уран өнеркәсібінің өзекті мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр. Шараны «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы ұйымдастырды. Әлемнің 14 елінен келген 200-ден астам конеренция қатысушылары арасында Uranium One, Areva, ЮрАзия Энерджи Холдингс, «Реактор Халден» халықаралық жобасы сияқты атом саласының жетекші компаниялары бар.

Компанияның Өндіріс жөніндегі бас директоры Бауыржан Ыбыраев конференция қатысушыларына «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиевтың құттықтау сөзін оқып берді.

«Конференция адамзатты қажетті көлемде және сапалы энергиямен қамтамасыз ету саласында туындаған жаһандық сын-қатерлер кезеңінде өтіп отыр. Еліміз – әлемдік нарыққа энергия ресурстарын сенімді әрі жауапты жеткізіп беруші. Астана ЭКСПО-2017 көрмесінде Қазақстан энергия ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне, жаңартылатын және балама қуат көздерін, соның ішінде атом энергетикасын дамытуды ынталандыруға әлемдік қауымдастық назарын аударды. Қазақстандық табиғи уран бейбіт атом мүддесі үшін алдағы уақытта да қызмет етуге дайын», - деп атап көрсеткен Асқар Жұмағалиев өз мәлімдемесінде.

Уран өнеркәсібінің маңызды міндеттерін шешу ғылым мен технология саласындағы халықаралық ынтымақтастықты талап етеді. Қазіргі кезде Қазатомөнеркәсіп өндірісті автоматтандыру, цифрландыру және роботтандыру саласында бірқатар жоғары технологиялық шешімдерді белсенді түрде енгізуде. Бұған Цифрлық кеніш пен роботтандырылған кешенді жатқызуға болады. Үмітті жобалардың бірі – уран қоры шектеулі шағын кен орындарын игеруге арналған мобильдік кешен. Ол компанияның күрделі шығындарын едәуір қысқартуға және өндіріс өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Қазір қолданыстағы мобильдік кешен төрт жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы айда тағы біреуін іске қосамыз. Жалпы, мобильдік кешен мүмкіндіктерін ұлғайтуды жоспарлағанбыз. Біріншіден, жыл бойы жұмыс істейтін режимге көшіреміз. Кешен мүмкіндіктерін кеңейтіп, сирек және сирек жер металдар өндіруге де пайдаланғымыз келеді. Бұл жоба қазірдің өзінде шетелдік әріптестерімізде үлкен қызығушылық тудырып отыр», - деді Бауыржан Ыбыраев Қазатомөнеркәсіп қызметі туралы өзінің таныстырылымында.

Атом индустриясы мен уран өнеркәсібін дамытудың ғаламдық үрдісі әлемнің жетекші ядролық компанияларының, кәсіби білікті мамандар мен ғалымдардың ғылыми-техникалық салада бірігуі қажеттігін көздейді. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ осы мақсатта әр екі жылда «Уран өнеркәсібінің өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізіп тұрады.

Осымен сегізінші рет ұйымдастырылып отырған биылғы конференцияның басты міндеті – ғылыми қызметкерлер мен өндірістегі мамандардың отандық және шетелдік атом саласы кәсіпорындарының тұрақты өркендеуі үшін маңызды ғылыми-технологиялық міндеттер мен оларды шешу жолдарын талқылайтын ашық әңгіме алаңын ұсыну.

Конференцияның секциялық отырыстарында талқыланатын мәселелер де ауқымды. Уранның минералды-шикізат базасын ұлғайту және нығайту, оны болжау мен барлаудың қазіргі заманғы әдістері, жер асты шаймалау технологиясының тиімділігі мен қарқындылығын арттыру мәселелері, реакторға дейінгі ядролық-отын циклының – конверсия, ядролық отын өндірісінің өзекті мәселелері, сирек, сирек жер металдардың ресурстары және солардың негізіндегі жоғары технологиялық өнімдер өндірудің тиімді технологиялары, сондай-ақ атом саласы кәсіпорындарының қауіпсіз жұмыс істеуі және техногенді қалдықтарды басқару сияқты көптеген тақырыптар талқыға түседі.

«Уран өнеркәсібінің өзекті мәселелері» VIII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының жұмысы 2017 жылдың 5 тамызына дейін жалғасады.

http://www.kazatomprom.kz/ru/photoexpo/aktualnye-problemy-uranovoy-promyshlennosti

 

Пікір қалдыру