Үлбі металлургиялық зауытында еңбекті, қоршаған ортаны қорғау және ядролық, радиациялық, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі бойынша 2014 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысына арналған отырыс болып өтті. Іс-шараға «ҮМЗ» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары – бас инженер Анатолий Кучковский, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еңбекті және қоршаған ортаны қорғау басқармасының бас менеджері Бек-Болат Елеушов және кәсіпорындағы осы сала мәселелерімен шұғылданатын өндірістік құрылымдық бөлімшелердің басшылары қатынасты.
Өндірістің қауіпсіздігі жөніндегі директор Сергей Сидоров өткен жылы еңбек жағдайын және оны қорғауды, сондай-ақ саниатарлық-сауықтыру шараларын жақсарту мақсатында зауытта жалпы сомасы 600 миллион теңгелік 118 іс-шара орындалғанын атап көрсетті. Нәтижеде кәсіпорындағы 1700-ден астам қызметкердің жұмыс жағдайы жақсартылған. Жалпы еңбекті қорғау мәселесіне 1 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Барлық қызметкерлер белгіленген нормаларға сәйкес арнайы жұмыс киімімен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Оларды сатып алуға жұмсалған қаржы 201 миллионды құраған.
Мамандар жүргізген кешенді тексерулер нәтижесінде өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша ереже, нормалар және нұсқаулықтардың 295 бұзылу фактісі анықталған. Қауіпсіздік талаптарының бұзылуы салдарынан 10 жағдайда өндіріс жұмысы тоқтатылған.
«КЕС» оқу-өндірістік орталығы» ЖШС-де ҮМЗ-нің 552 қызметкері қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша оқу курстарынан өтті.
2014 жылы радиациялық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге 2 миллионнан астам теңге бөлінді.
2014 жылы «ҮМЗ» АҚ бөлімшелерінің ауаға тастаған ластаушы заттарының жиынтық шығындысы 38,6 тоннаны құраған, бұл мемлекеттік органдар белгілеген лимиттің 44,1%-на сәйкес келеді.
Кәсіпорын қызметі нәтижесінде су бетінің ластану жағдайы Үлбі өзеніне құяр үш жауын кәрізінде бақылап отырылды. Өнеркәсіптік және жауын сумен араласқан ластаушы заттардың жиынтық шығындысы 2013 жылмен салыстырғанда былтыр біраз төмендеп, табиғатты қорғау құрылымдары белгілеген лимиттің 48,1% құрады. Бұл негізінен «ҮМЗ» АҚ-ның негізгі өндіріс орындарында өндірістік бағдарламалардың төмендеуімен, сондай-ақ өнеркәсіптік-жауын кәріздерін тазарту нысандарының іске қосылуымен де байланысты.
2014 жылы өрт қаупі жоғары учаскелерде еңбек ететін қызметкерлерге арнап өрт-техникалық минимум бағдарламасы бойынша 341 сабақ ұйымдастырылып, оған үш мыңнан адам қатысқан. Құрылымдық бөлімшелер мен еншілес кәсіпорындарда өрт қауіпсіздігі жағдайына 341 тексеру жүргізілген. Ерікті өртке қарсы құрамдармен бірлескен 9 өрт-тактикалық оқу сабақтары, 12 өртке қарсы жаттығу өткізілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2014 жылы ешқандай өрт оқиғасы тіркелмеген.
Алқалы жиын соңында еңбекті қорғау бойынша әр жылғы тұрақты көрік-конкурстың жеңімпаздары марапатталды. 2014 жыл қорытындысы бойынша бериллий өндірісінің, Сервистік орталық және дайын өнімдер қоймасының ұжымдары үздік деп танылды.