Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте Қазақстан ядролық қаруды таратпау режимін қолдауға және ғаламдық ядролық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесі үшін марапатталды.
АҚШ президенті Б.Обама бастамасымен 2010 жылдан бері өткізіліп келе жатқан биылғы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит Вашингтонда әлемнің елуден астам мемлекет, үкімет және халықаралық ұйым басшыларының басын қосты. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та Саммит жұмысына қатысты.
Әлемдік көшбасшылар ядролық қауіпсіздікті нығайту, радиоактивтік материалдарды сақтау және оларды ұқсату, сондай-ақ ядролық қаруды таратпау саласындағы басқа да өзекті мәселелерді талқылады.
Саммит аясында АҚШ Ядролық энергетика институты еліміздің ядролық қаруды таратпау режимін қолдауға және ғаламдық ядролық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалап, Халықаралық ядролық отын банкін орналастырғаны үшін Қазақстан Республикасына марапат табыстады.
Сондай-ақ Атом өнеркәсібі саммиті аясында өткізілген EXPO NIS-2016 көрмесінде Қазатомөнеркәсіп уран өнеркәсібінің әлемдік көшбасшысы табиғи уранды өндіру кезінен дайын өнім күйінде өткізуге дейінгі барлық кезеңдегі оның айналысын тұрақты бақылауға мүмкіндік беретін өз уран өндіруші және өңдеуші кәсіпорындарында қолданылатын табиғи уранды есепке алу, бақылау және физикалық қорғау жүйесін таныстырды.
Айта кетерлік жәйт, мұндай жүйе бүгінде тек Қазақстанда ғана енгізілген. Осы тәжірибесін ескере отырып, Қазатомөнеркәсіп АҚШ энергетика министрлігімен бірлескен бағадарламалар аясында уран өндіруші және өңдеуші кәсіпорындарда қолдану үшін табиғи уранды есепке алу және бақылау моделін және оның физикалық қорғаныс жүйесін әзірлеуге, сондай-ақ уран өндіруші елдер, әсіресе уран нарығындағы жаңа мемлекеттер үшін табиғи уранды есепке алу, бақылау және оны физикалық қорғау жөніндегі МАГАТЭ-нің халықаралық ұсынымын әзірлеуге қатысуда.
Еске сала кетсек, 2015 жылғы 27 тамызда Астанада Қазақстан Республикасы мен МАГАТЭ арасындағы Төмен байытылған уран банкін құру туралы Келісімге қол қойылған болатын. Бейбіт атом энергетикасын дамытуға және ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға бағытталған жобаның басты міндеті МАГАТЭ-ге мүше-мемлекеттерге кепілді ядролық отын жеткізіп беру.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Қазатомөнеркәсіп сондай-ақ, Қазақстанда жаңартылатын энергетиканы дамыту бағдарламасының белсенді қатысушысы. Бүгінгі таңда компанияда 27 000-нан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.