| (AIX)    USD 39.65   %   -0.23 KZT 18000   %   -0.55

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Спартакиадасы ашылды

17 тамыз 2015
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Спартакиадасы ашылды

Бүгін Алматыда «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның ХV Спартакиадасы ашылды. Салтанатты рәсімге Холдингтің құрылымдық бөлімшелері мен еншілес және бағынышты кәсіпорындарының атынан 21 команда қатысты.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев жарыс қатысушылары мен қонақтарына өзінің құттықтауын жолдады.

«Құрметті әріптестер, сіздерді осынау спорт мерекесімен құттықтаймын! Мен компаниямызда осыншама спортшылар бар екендігін мақтаныш етемін. Спортты серік еткен ұжым – нағыз жеңімпаз ұжым. Спорт бізді мақсатқа талпынушылыққа, батылдыққа, шыдамдылыққа тәрбиелеп, бір командада жұмыс істей білуге үйретеді. Бұл тек спортта емес, сонымен бірге кәсіби салада да жеңістерге жетуге көмектесетін маңызды қасиеттер. Барлықтарыңызға көтеріңкі көңіл күй, сәтті старттар, жоғары көрсеткіштер және жеңіс тілеймін!» - делінген ұлттық атом компаниясы басшысының құттықтауында.

17-21 тамыз күндері аралығында өтетін Спартакиадаға Астана, Алматы қалаларынан және Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарынан келген Қазатомөнеркәсіптің 800-ден астам қызметкері қатысуда. Спорт алаңдарында атом саласы кәсіпорындарының намысын қорғайтын мықты атлеттер ең үздікті анықтау үшін сынға түседі. Сайыстар спорттың 9 түрі бойынша өтеді: бадминтон, мини-футбол, жеңіл атлетика, волейбол, баскетбол, шахмат, блиц-шахмат, бильярд, үстел теннисі.  

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Қазатомөнеркәсіп сондай-ақ, Қазақстанда жаңартылатын энергетиканы дамыту бағдарламасының белсенді қатысушысы. Бүгінгі таңда компанияда 27 000-нан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.

www.kazatomprom.kz

 

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ

Қоғаммен байланыс департаменті

+7 /7172/ 55-13-05

pr@kazatomprom.kz

Пікір қалдыру