Астанада Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Директорлар кеңесінің Төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен ұлттық атом компаниясы Директорлар кеңесінің отырысы болып өтті.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев Директорлар кеңесінің мүшелеріне компанияны дамытудың 2015-2025 жылдарға арналған Стратегиясын таныстырды.
Құжат Компанияның миссиясын, жоспарларын және таяу жылдардағы жалпы даму бағыттарын айқындайды, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қызметінің тиімділігін арттырып, құнын ұлғайтуға мүмкіндік беретін стратегиялық мақсаттарын белгілейді. Болжамды тактикалық іс-шаралар алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін қажет. Стратегияны жүзеге асыру Қазатомөнеркәсіп пен еліміздің уран өндіру бойынша қол жеткен әлемдік көшбасшылық шебін сақтап қалуға ықпал етеді. Бұл үшін Компания жұмыс істеп тұрған кеніштерді дамытып, жаңаларын салатын және тиімділікті арттырып, уран өндірудің өзіндік құнын төмендетуге бағытталған озық технологияларды енгізетін болады.
Қазатомөнеркәсіптің стратегиялық бағыттарының бірі – реакторға дейінгі ядролық отын циклының барлық сатыларында бизнесті әртараптандыру. Компания конверсия, байыту және АЭС-ке арналған ядролық отынды жинақтау бойынша қызметтерге қол жеткізуді жоспарлап отыр.
Компанияның даму стратегиясы шеңберінде корпоративтік басқару жүйесі жетілдіріліп, бизнес үдерістері оңтайланады және бейінді емес активтерден бас тартылатын болады.
Құжатта кадрлық саясатты жетілдіру мәселесіне де үлкен мән берілген. Компания қызметкерлерді тарту, сақтау және олардың кәсіби өсуіне барлық жағдайды жасайды. Қазатомөнеркәсіптің гранты есебінен дарынды мектеп түлектері салалық мамандықтар бойынша оқуға тартылатын болады. Холдинг ішінде қызметкерлерді алмастыру, қызметкерді жұмысқа қабылдау және басшылық қызметке тағайындауда кәсіби сапасын бағалау жүйесін енгізу жоспарлануда.
Даму стратегиясының кешенді іс-шараларын іске асыру компания қызметінің тиімділігін арттырып, Қазатомөнеркәсіп құнын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Отырыстың қорытындысы бойынша «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ 2015-2025 жылдарға арналған Даму стратегиясы бекітіліп, компания орталық аппаратының жаңа ұйымдық құрылымы қабылданды.