| (AIX)    USD 41.18   %0      KZT 18215   %0     

«Қазатомөнеркәсіп» қызметкерлері «Самұрық-Қазына» АҚ «Үздік маман-2023» байқауының жеңімпазы атанды

20 қазан 2023
«Қазатомөнеркәсіп» қызметкерлері «Самұрық-Қазына» АҚ «Үздік маман-2023» байқауының жеңімпазы атанды

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ (бұдан әрі - Қор) Қор компаниялар тобының мамандары арасында өткен «Үздік маман» байқауының қорытындысын шығарды.

17 шілде мен 16 қазан аралығында өткен байқау идеяларды жинақтау, жобаларды қорғау, жартылай финал және финал сияқты бірнеше кезеңге бөлінді. Байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі Қордың Басқарма төрағасының қатысуымен өтті.

«Үздік маман» өзін таныту, тәжірибе алмасу, білім, достық және бейресми қарым-қатынас үшін тамаша мүмкіндік береді. Байқау аясында қатысушылар өздерінің шеберліктері мен дағдыларын көрсетіп, шығармашылық әлеуетін ашты және күрделі кәсіби мәселелерді шешуге қабілетті екенін дәлелдей алды. Сондықтан, байқау финалының нәтижесіне қарамастан, сайысқа қатысушылардың барлығы жеңімпаз болып табылады», - деді «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Суперфинал қорытындысы бойынша Қазатомөнеркәсіптің еншілес ұйымдарының екі қызметкері – «Инкай» БК» ЖШС энергетика және механика бөлімінің бас энергетигінің орынбасары Руслан Бейісбаев пен «Қаратау» ЖШС технологиялық процесті бақылау қызметінің инженер-технологі Иван Синельников жеңімпаз атанды.

«Самұрық-Қазына және Қазатомөнеркәсіп басшылығына өндіріске де, біздің елімізге де пайда әкелетін жобаларға қатысып, өз идеяларымызды жүзеге асыруға жасалған мүмкіндіктер үшін алғыс айтқым келеді. Мұндай байқаулар мен олардағы жеңіс бізді инновациялық жобаларды құруға ынталандырады, алдымыздан жаңа мүмкіндіктер ашады», - деді байқауда «ЭЭ шығынын және СО2 шығарындыларын оңтайландыру үшін электр энергиясын автоматтандырылған есепке алу» жобасын ұсынған Руслан Бейісбаев.

Сондай-ақ, өндірістік процестерді жетілдіруге бағытталған 15 үздік жоба марапатталды. Иван Синельников «Қаратау кенішіндегі өнімді ертінділерді өңдеу цехында десорбциядан шыққан шайырды сатылы денитрациялау арқылы процесті жақсарту» жобасын сәтті қорғап, «Жарқын жоба» арнайы жобасында бірінші орынды иеленді.

«Бұл аталым бойынша жеңімпаз атанамын деп күтпеген едім. Жобамыздың бағаланғанына қуаныштымын. Бұл біздің еңбегімізді бағалау және одан әрі дамуға ынталандыру болмақ», - деді ол.

Байқаудың мақсаты – жобалық басқару саласындағы бастамаларды қолдау және дамыту, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының маңыздылығы мен беделін арттыру. «Үздік маман» байқауы өндірісті дамытуға және әлеуметтік маңызы бар жобаларды жасауға үлес қосуға дайын көптеген талантты қызметкерлердің басын қосты.

Барлық жеңімпаздар құрмет грамоталарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Пікір қалдыру