| (AIX)    KZT 18195   %   -0.71 USD 39.87   %   1.14

2015 жылы Қазатомөнеркәсіп еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларға 6 млрдтан астам теңге бөлді

18 наурыз 2016
2015 жылы Қазатомөнеркәсіп еңбекті және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларға 6 млрдтан астам теңге бөлді

Бүгін Астанада «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес және бағынышты ұйымдарындағы еңбекті және қоршаған ортаны қорғау, өнеркәсіптік, радиациялық және ядролық қауіпсіздік мәселелеріне арналған кеңес болып өтті.

Алқалы жиынға ұлттық атом компаниясының басшысы Асқар Жұмағалиев, кәсіпорын басшылары және мемлекеттік ұйымдардың өкілдері қатысты.

Компанияда өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бірінші кезекте мән берілген. Барлық кәсіпорын табиғи уранды экологиялық таза және экономикалық тиімді жер асты ұңғымалы шаймалау әдісімен өндіреді. Бүгінде Қазатомөнеркәсіптің 25 еншілес және бағынышты ұйымында халықарылық талаптарға сай ISO 14001 экологиялық менеджменті және OHSAS 18001 денсаулық сақтау және өндірістегі қауіпсіздік менеджменті жүйелері енгізілген.

Кәсіпорындарда еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздікті жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Барлық қызметкерлер арнайы жұмыс киімімен және жеке қорғаныс құралдарымен жабдықталған. Жалпы, 2015 жылы ұлттық атом компаниясы еңбекті қорғау іс-шараларына 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлді.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на қарасты барлық кәсіпорындардың өндірістік қызметінде Қазақстан Республикасының заңнамаларына сай ядролық және радиациялық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталады. Былтыр кеніштердегі А тобына жататын қызметкерлердің барынша көп тиімді жылдық мөлшері екі есеге дейін төмендеді. Радиациялық апаттар және гигиеналық нормативтерде белгіленген жылдық мөлшердің негізгі шектерінен асып кету фактілері тіркелген жоқ.

2015 жылы Қазатомөнеркәсіп қоршаған ортаны қорғау іс-шараларына 1,3 млрдтан астам теңге жұмсады.

Кеңес қорытындысы бойынша «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес және бағынышты ұйымдары арасында өткізілетін жыл сайынғы байқауда еңбекті және қоршаған ортаны қорғау, өнеркәсіптік, радиациялық және ядролық қауіпсіздік саласында үздік нәтижелерге қол жеткізген жеңімпаздар марапаталды.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Қазатомөнеркәсіп сондай-ақ, Қазақстанда жаңартылатын энергетиканы дамыту бағдарламасының белсенді қатысушысы. Бүгінгі таңда компанияда 27 000-нан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.

www.kazatomprom.kz

Пікір қалдыру